Accessibility links

АҚШ Ресейді тежеу үшін қуаты аз ядролық қару жасамақ


АҚШ әскери-теңіз күштерінің "Огайо" сүңгуір қайығы.
АҚШ әскери-теңіз күштерінің "Огайо" сүңгуір қайығы.

АҚШ әскери-теңіз күштері атомдық сүңгуір қайықтардағы баллистикалық зымырандарға орналастырылатын қуаты аз оқтұмсықтар дайындауға кіріскен. Бұл туралы Америка әскери-теңіз күштері институтының қызметі хабарлаған.

W76-2 деп аталатын жаңа оқтұмсықтың қуаты тротил эквивалентімен 6 килотоннаны құрайтын болады. Бұл кезінде Жапония қалаларына тасталған атом бомбаларының қуатынан үш есе аз. Жаңа оқтұмсықты қазіргі кезде "Огайо" тәрізді атомдық сүңгуір қайықтарындағы қуаты 100 килотоннаны құрайтын W76 термоядролық оқтұмсығы негізінде жасамақшы. W76 сияқты оның жаңа нұсқасы да Trident-2 зымырандарына орнатылатын болады.

Пентагон қанатты зымырандар үшін де осындай қуаты аз ядролық зарядтар әзірлеп жатыр. Сүңгуір қайықтар мен теңіз бетінде жүзетін әскери кемелерді осылармен қаруландыру жоспарланған.


Өткен айда АҚШ әскери-теңіз күштерінің вице-адмиралы Джонни Вульф қуаты аз ядролық оқтұмсықтар Ресейдің тактикалық ядролық әлуетін тежеп ұстау үшін тиімді құрал болады деп мәлімдеген. Бұған қоса Вульф Пентагонның платформалардың барлық түрін жарақтандыру үшін аса ұшқыр қару-жарақ жасауға жұмыс істеп жатқанын айтқан. Осындай қару түрінің үлгі нұсқасы Гавай араларында сынақтан өткізілген. Болашақта аса ұшқыр зымыран әскери бағдарлама аясында "Огайо" сынды атомдық сүңгуір қайықтарына да орнатылмақ.

Қазіргі уақытта АҚШ қарулы күштерінде тактикалық ядролық зымыран жоқ. Осыған байланысты америкалық әскерилер егер Мәскеу жергілікті сипаттағы жанжал кезінде қуаты аз ядролық қару қолданатын болса, АҚШтың оған жауап бере алмай қалатынын немесе Ресейге стратегиялық ядролық зымырандармен көлемді соққы беруге тура келетіні туралы айтқан. Ал стратегиялық ядролық қаруды қолдану жергілікті сипаттағы жанжалдың ғаламдық көлемге ұласып кетуіне апарып соғады. Ресми мәлімет бойынша, қазір АҚШ пен Ресей армияларында жиыны үш мыңға жуық ядролық оқтұмсық бар.

Былтыр желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп Американың жаңа қауіпсіздік стратегиясын ұсынған. Онда Ресей мен Қытай АҚШ-қа қатер төндіретін негізгі елдер ретінде аталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG