Accessibility links

Керчь жанжалы: Қазақстан БҰҰ-да Ресейді қолдады


Қара теңізден Керчь бұғазы арқылы Азов теңізіндегі Мариуполь портына бармақ болған Украина кемелерінің жүрісі бейнеленген карта.
Қара теңізден Керчь бұғазы арқылы Азов теңізіндегі Мариуполь портына бармақ болған Украина кемелерінің жүрісі бейнеленген карта.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ресейдің Керчь бұғазындағы жағдайды күн тәртібіне шығару ұсынысын қабылдамай тастады. 26 қарашада өткен шұғыл жиында Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің көбі Ресейдің "Украина әскери-теңіз күштерінің Ресей шекарасын бұзғаны туралы" мәселені талқылау ұсынысын қолдамады.

Deutsche Welle агенттігінің хабарлауынша, Ресей ұсынысын Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі Қытай мен уақытша мүшелері Қазақстан және Боливия ғана қолдады. Төрт ел қалыс қалып, жеті ел қарсы дауыс берді.

Ресейдің БҰҰ-дағы елшісінің орынбасары Дмитрий Полянский Мәскеу "Азов теңізіндегі жағдай шиеленісіп, ушыға бастағанына байланысты" Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынын өткізуді сұрағанын айтты. Полянскийдің сөзінше, қарашаның 25-і күні Керчь бұғазында болған жанжалда Ресей өз шекарасын "қорғап қалған". Ресей елшісі Украина "Азов теңізі әскери аймаққа айналып бара жатыр" деген мәселені "АҚШ-тың қолдауымен шиеленістіріп отырғанын" айтты. Ол сонымен қатар Ресей ұстаған кемелердің бірінде "Украина қауіпсіздік қызметінің екі қызметкері болғанын" мәлімдеді.

Ал Украина Ресейдің БҰҰ-да Керчь бұғазындағы жанжалдың мәнін бұрмалап отыр деп айыптады. Украинаның БҰҰ-дағы өкілі Владимир Ельченко Ресей өкілінің мәлімдемесін "арсыз түрде фактіні әдейі бұрмалап, барлық жауапкершілікті Украинаға арта салу әрекеті" деп атады. Ельченко украин әскерилері Керчь бұғазынан кемелерін өткізуге екі рет рұқсат сұрағанын айтты.

Жиында АҚШ елшісі Никки Хейли АҚШ, Нидерланд, Польша және Швецияның атынан мәлімдеме жасап, Ресей көтерген мәселемен келіспейтінін айтты.

25 қараша күні таңертең Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, ұстап әкеткен. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелерін территориясына "заңсыз кірді" деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні "алдын-ала ескертілгенін" айтып, Ресей әрекетін "бассыздық" деп атаған.

Украина парламенті жанжалға байланысты 28 қарашадан бастап елдің бірқатар аймағында 30 күнге әскери жағдай жариялауды мақұлдады.

Батыс елдерінің басшылары Ресейді айыптап, украиналық теңізшілер мен кемелерді босатуға шақырды. Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск Ресейдің күш қолданғанын айыптап, Еуропа Одағының Украинаны қолдайтынын мәлімдеді.

Қазақстан БҰҰ-да Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистер бақылайтын аймақтарға және Ресей аннексиялап алған Қырым түбегіндегі жағдайға қатысты қарарларға қарсы дауыс беріп, Ресейді қолдап келеді.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Қырым резолюциясы жобасына қарсы дауыс берді

Халықаралық ұйымдар Қырым аннексиясын заңсыз деп танып, Ресей әрекетін айыптайды. Батыс елдері Ресейге осыған байланысты санкция салды. Ресей түбекті жаулап алғанын жоққа шығарады және "тарихи әділдік орнады" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG