Лондондағы Гатвик әуежайында болған төтенше оқиғаға байланысты британ полициясы екі адамды ұстаған. Әуежай төбесінде пайда болған өздігінен ұшатын аппараттар оның жұмысын тәуліктен аса уақыт бойы тоқтатып тастаған. Бұл аппараттарды ұшырғандарды іздестіруге кемінде жиырма полиция бөлімшесі жұмылдырылған, оларға әскери мамандар болысқан. Ұсталғандардың аты-жөнін әзірше жариялаған жоқ, тергеу әлі жалғасып жатыр деп хабарлады CNN телеарнасы.
Жұмысының қаурыттығы жағынан Ұлыбританиядағы екінші әуежай саналатын Гатвик желтоқсанның 19-ы күні кешке 33 сағатқа жабылып қалған. Соның салдарынан Лондонға келмекші болған немесе қаладан басқа жаққа ұшып кетпекші 150 мыңға жуық жолаушы жолдарынан қалып, мыңнан астам әуе рейсінің уақыты кейінге ысырылған немесе басқа жаққа жіберілген. Полиция дрондар әлегінің терроризмге қатысы жоқ деп мәлімдеген. Бірақ Ұлыбритания көлік министрі Крис Грейлинг әуежайдағы оқиғаны "шабуылдың жаңа түрі" деп атаған.
Британдық кей басылымдар бұл оқиғаның артында экология белсенділері тұруы мүмкін деп хабарлады. Алайда ешбір эколог топ әуежайдағы төтенше оқиғаға жауапкершілікті алмаған және ол туралы хабарлама таратпаған.
Әуежай кеңістігінде дрон ұшырғандар ұшу қауіпсіздігін бұзғаны үшін бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР