Сириядан әскерилерін әкетер алдында АҚШ қару-жарағын күрдтерге тастап кетуі мүмкін. АҚШ әскері қолбасшылығының мұндай жоспарды талқылап жатқанын дереккөздеріне сілтеме жасап, Reuters хабарлады.
Күрдтерге берілуі мүмкін қару ішінде бронетехника, миномет және танкке қарсы зымыран кешені бар. Ақпарат агенттігінің дереккөздері "қаруды қалдыру туралы талқы енді басталды, бірақ таяу арада ұсынысты АҚШ президенті Дональд Трампқа таныстырады" деген.
19 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп Сириядағы "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қарсы соғыстағы "тарихи жеңістен кейін" барлық америкалық әскерилер "отанына қайтады" деп мәлімдеген.
"Біз ИМ-ді жеңдік, оларды талқандап, кәдімгідей күйреттік. Қазір әскеріміздің үйге оралатын уақыты келді" деген Трамп.
Оқи отырыңыз: Трамп АҚШ әскері Сириядан шығатынын жариялады
Әскерді шығару жоспарын АҚШ Конгресінде республикашылдар да, демократтар да сынады. Трамптың мұндай шешімінен соң Пентагон басшысы Джеймс Мэттис отставкаға кетті.
Reuters "АҚШ қару-жарағын күрдтерге тастап кетсе, бұл күрдтерді террорист санайтын Түркияның наразылығын тудыруы мүмкін" деп жазады.
ПІКІРЛЕР