Қазақстан Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, интернетте тараған полиция формасындағы адамның жаңа жылдық құттықтауы Қарағандыдағы ІІМ академиясында түсірілген.
Министрлік видеоны академияның бірінші курс жетекшісінің орынбасары түсіргенін анықтаған. Қазір осы видеоға қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр.
"Тексеруден кейін видеоны түсірген қызметкер мен оның жетекшілері қатаң жазаланады. Жұмыстан шығару жағы да қарастырылуы мүмкін" деді ІІМ өкілі Алмас Садубаев.
31 желтоқсанда интернетте полиция формасындағы ер адамның жаңа жылдық құттықтауы тараған. Видеода ер адам басқа полицейлерді мерекесімен құттықтай келе "тамыр-таныстығымыздың көмегі шөберелерімізге де тисін... Біз - братвамыз, ашығын айтқанда - бандамыз" дейді. Кейін полиция формасындағы ондаған адам "Ура!" деп айғайлайды.
Бұл видео соңғы күндері әлеуметтік желіде көп талқыланып, сынға ұшырады.
ПІКІРЛЕР