Accessibility links

Ауғанстанда "BBC тілшісін өлтіргендер" сотталды


Былтыр сәуірде қаза тапқан журналист Ахмад Шах
Былтыр сәуірде қаза тапқан журналист Ахмад Шах

Ауғанстан билігі жергілікті соттың былтыр қаза тапқан BBC журналисінің өліміне қатысы бар деген айыппен үш адамды соттағанын мәлімдеді.

Бас прокурор кеңсесінің 3 қаңтар күні хабарлауынша, Парван уәлаятының Баграм аудандық соты осы қаладағы тергеу абақтысында отырған үш айыпталушының бірін өлім жазасына, екіншісін 30 жыл және үшіншісін алты жыл түрме жазасына кескен.

Ауғанстандық журналист Ахмад Шах былтыр 30 сәуір күні Кабулдың оңтүстігіне қарай орналасқан Хост уәлаятындағы үйіне қайтып бара жатқанда оққа ұшқан еді.

Сол уақытта Талибан содырлар ұйымы қастандыққа қатысы жоқ екенін айтқан. Бұл іс бойынша сотталғандардың не себепті журналиске шабуыл жасағаны туралы ақпарат әлі жарияланбады.

Бас прокурор кеңсесінің хабарлауынша, Баграм сотының үкімі жоғарғы сотқа жолданған.

2018 жылы Ауғанстан әлем бойынша журналистер ең көп мерт болған елге айналды. "Шекарасыз тілшілер" ұйымының мәліметіне сәйкес, бір жыл ішінде мұнда 13 журналист, екі медиа қызметкер кісі қолынан қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG