8 қаңтарда Алматыдағы "Астана" қонақ үйінде Қарағандыдағы оқиғаға қатысты жиын өткізбек болған белсенді Мұхтар Тайжанды қалалық ішкі істер департаментіне алып кеткен. Бұл ақпаратты Азаттыққа Алматы қаласы ішкі істер департаментінің кезекшісі растады. Ал "Астана" қонақ үйінің өкілдері жиын өткізуден бас тартқандарын айтты.
Мұхтар Тайжан жиын өтетіні туралы Facebook желісі арқылы хабарлап, белсенділерді талқылауға шақырған. Осы жазбадан кейін Мұхтар Тайжанға прокурорлар келіп, әңгімелесіп кеткен және кеңес өткізуге кедергі жоқтығын айтқан. Бұл туралы белсенді Facebook арқылы хабарлады.
Оқи отырыңыз: Қарағандыдағы оқиғаның хроникасы және биліктің реакциясы
6 қаңтарда Қарағандыда жүздеген адам "қылмыскерді" табуды талап еткен. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов іздеу жұмыстары жүріп жатқанын айтқан.
Қарағандыдағы оқиғаға қатысты Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян мен осы елдің сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасаған.
8 қаңтарда Астанада Қазақстан ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов сегіз адам қамалғанын, шетке қашып кеткен бір адам іздестіріліп жатқанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, 14 адам төбелескен. Олардың тоғызы - "Древний Рим" мейрамханасының қызметкері. Пышақ жарақатынан қаза тапқан 23 жастағы ер адам мейрамханаға кикілжің шыққан кезде серігінің шақыруымен барған.
Жанат Сүлейменовтің айтуынша, кикілжің қаңтардың 1-іне қараған түні сағат 4 шамасында мейрамхана қызметкерлері киленттерге "мейрамхана жабылатынын ескертіп, тарауды сұрағаннан кейін" шыққан. Кикілжің соңы төбелеске ұласқан. Төбелес болғанын полицияға сағат 4:40 шамасында мейрамхана қызметкерлерінің бірі хабарлаған.
ПІКІРЛЕР