Жаңа жыл басталғалы Беларусьте өлім жазасын тағайындау туралы алғашқы сот үкімі шықты. Могилев облыстық соты Бобруйск қаласының тұрғыны Александр Осиповичті 2018 жылы шілдеде екі адамды өлтіргені үшін айыпты деп танып, оны өлім жазасына кесті деп хабарлады Азаттықтың Беларусь қызметі.
Сот үкімі күшіне енген соң Осиповичті Минскідегі өлім жазасына кесілгендер отыратын №1 тергеу абақтысына ауыстырады.
Сот тыңдауында Александр Осипович тағылған айыпты мойындап, ісіне өкінетінін айтқан. Ол Жоғарғы сотқа өзіне шығарылған үкімге қарсы кассациялық шағым беретінін мәлімдеген. Кісі қолынан қаза болған Нина Климованың анасы сот отырысынан кейін журналистерге сот шешіміне көңілі толатынын, Осиповичтің өз ісіне шын өкінетіндігіне сенбейтінін айтты.
Бұған дейін былтыр қарашаның соңында Беларусьте "заңсыз риелторлар" деп аталатын іс бойынша екі адамға шығарылған өлім жазасы туралы сот үкімінің орындалғаны белгілі болған.
Беларусь - Еуропадағы және постсоветтік кеңістіктегі өлім жазасы әлі күнге дейін қолданылатын жалғыз мемлекет. Беларусь заңдары бойынша, сот үкімі орындалғанға дейін туыстарына сотталушының өлгенін хабарламайды, мәйітін бермейді және оның қайда жерленгенін жарияламайды.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Еуропа Одағы Беларусьте өлім жазасының әлі күнге дейін қолданылатынын айыптайды. 2017 жылы сәуірде БҰҰ-ның Беларусьтегі адам құқығының жағдайы жөніндегі арнайы баяндамашысы елде әділетті және тәуелсіз сот жүйесі жоқ болғандықтан сотталушыларды өлім жазасына кесу - даулы мәселе екенін мәлімдеген.
Ал Беларусь президенті Александр Лукашенко өлім жазасын қолдана беруді дұрыс көретінін бірнеше рет айтқан.
ПІКІРЛЕР