Accessibility links

Денис Тен өліміне күдікті: Кісі өлтіру туралы сөз байласқан жоқпыз


Спортшы Денис Теннің өліміне қатысты істегі күдіктілер сот камерасында бет-әлпеттерін жауып отыр. Алматы, 25 желтоқсан 2018 жыл.
Спортшы Денис Теннің өліміне қатысты істегі күдіктілер сот камерасында бет-әлпеттерін жауып отыр. Алматы, 25 желтоқсан 2018 жыл.

Алматыда спортшы Денис Теннің қазасына қатысты сотта адам өлтірді деген айып тағылған Арман Құдайбергенов жауап берді. Ол істеген ісіне өкінетінін айтып, Денис Теннің ата-анасынан кешірім сұрады. Серіктерімен бірге ұрлық жасағанын мойындаған Құдайбергенов адам өлтіру ойлары болмағанын, кісі өліміне әкеліп соқтыратын іс-әрекет жасамағанын мәлімдеді.

"Денис Тенді екі рет қана ұрдым. Нұралымен кісі өлтіру туралы сөз байласқан жоқпыз, тек ұрлыққа бардық" деді Арман Құдайбергенов.

Құдайбергеновтің айтуынша, өткен жылы 19 шілдеде күндіз Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаевамен бірге көлік айнасын ұрлау мақсатымен қала орталығына шыққан. Оның сөзінше, Нұралы Қиясов өзінің ұрлыққа бара жатқандарын жол-жөнекей білген, ал Жанар Толыбаеваға "ұрлық туралы айтпаған". Құдайбергенов Толыбаевадан аллеяда күте тұруын сұрап, Қиясов екеуі көшеде тұрған көліктердің айнасын ұрлауға барғандарын айтты.

"Алдымен Денис Теннің көлігінің бір айнасын шештім, екінші айнасын шешіп болып қалғанда Денис Тенді көріп қалдым. Ол "Не істеп жатырсыңдар?" деп сұрады. Қолымдағы айнаны көріп, көлігіне қарады. Сосын қолымдағы айнаға жармасты. Мен айнаны бере салдым және қолға түссем, Астанадағы ісім ашылып қалатынын түсіндім. Айнаны тастай қаштым. Ақ түсті Toyota Camry көлігінің алдына құлап, оны айналып өттім де, Денистің қуып келе жатқанын көрдім. Ол мені спорт алаңының жанында қуып жетіп, екеуіміз төбелесіп қалдық. Шынымды айтсам, оған әлім жетпеді. Сосын белдігімді шешіп, Дениске екі рет сілтедім, біреуі тиді. Ол басымнан ұрып, бес-алты секунд басым айналып қалды. Есімді жисам, қасымда Нұралы тұр екен. Ол да шок алып қалған" деді Құдайбергенов сотта.

Оның сөзінше, бұдан соң оқиға орнынан қашып бара жатқанда Қиясов оған "Дениске пышақ салғанын" айтқан.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда пышақ жарақатынан ауруханада қайтыс болған. Тергеушілердің болжамы бойынша, ол көшеде тұрған көлігінің айнасын ұрлаған адамдарды тоқтатпақ болған кезде ауыр жараланған.

Теннің өліміне байланысты қозғалған іс бойынша үш күдікті бар. Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновке Қылмыстық кодекстің "қарақшылық" және "кісі өлімі" баптары бойынша, Жанар Толыбаеваға "қылмысты хабарламағаны" үшін айыптар тағылған. Бұған қоса Құдайбергеновке "бірнеше рет ұрлық жасады" деген, ал Толыбаеваға "өзара келісіп ұрлық жасады" деген айыптар тағылған.

Қаңтардың басында өткен сотта Құдайбергенов пен Қиясов ұрлық жасағандарын ғана мойындап, қарақшылық және кісі өлтіру қылмыстарына байланысты тағылған айыптарды мойындамаған.

Жанар Толыбаева қылмыс жасалған жерде "болмағанын", Денис Теннің қалай пышақталғанын "көрмегенін" және "серіктерінің кісі өлтіретін ойы барын білмегенін" мәлімдеген.

Күдікті: "Айна алғаным рас, бірақ кісі өлімі болады деп ойламадым"

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG