АҚШ жетекшілік ететін халықаралық антитеррористік коалицияның өкілі Шон Райан 11 қаңтарда ақпарат құралдарына таратқан мәлімдемесінде “Сириядан жоспарлы түрде [әскерді] шығару процесі" басталды деп жазған. Алайда толық детальдарын ашып жазбаған.
"Қауіпсіздік мақсатында біз нақты уақытын, орнын немесе әскердің жылжу бағытын айтпаймыз" деді Райан. Ұлыбританияда орналасқан сириялық адам құқығы жағдайын бақылау орталығы АҚШ жетекшілік ететін халықаралық антитеррористік коалицияның Сирияның солтүстік-шығысындағы Хасаке провинциясында Румейлан әуежайындағы әскерін азайтқанын хабарлады. Дегенмен Associated Press агенттігі АҚШ қорғаныс министрлігінің аты-жөнін атамаған ресми өкіліне сүйене отырып, Сириядан әскер емес, әзірге тек жабдықтарды ғана әкете бастағанын жазған.
Қарай отырыңыз: Трамп Ирактағы АҚШ әскери базасына тұңғыш рет барды
19 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп Сириядағы "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қарсы соғыстағы "тарихи жеңістен кейін" барлық америкалық әскерилер "отанына қайтады" деп мәлімдеген.
Әскерді шығару жоспарын АҚШ конгресінде республикашылдар да, демократтар да сынады. Трамптың мұндай шешімінен соң Пентагон басшысы Джеймс Мэттис отставкаға кетті.
Қазіргі кезде Сирияда екі мыңға жуық америкалық әскери бар, олардың көпшілігі – "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қарсы күресіп жатқан күрд және араб жасағымен бір альянстағы арнайы әскери бөлімшелер.
ПІКІРЛЕР