Алматыда 14 қаңтарда қоғамда "жиһадшылар ісі" аталып кеткен іспен сотталғандардың қорғаушылары мен белсенділер баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында адвокат Гүлнара Жуаспаева сот бұл іс бойынша өзіне жеке қаулы шығарғанын хабарлап, қаулыға наразылық танытты.
Оның сөзінше, 21 желтоқсанда Алматының Алмалы аудандық соты "жиһадшылар ісі" бойынша сотталушы Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев және Оралбек Өміровке үкім шығарғанда "адвокаттардың біріне қатысты жеке сот қаулысын" шығаратынын айтқан.
- 28 желтоқсанда қолыма менің үстімнен шығарған жеке сот қаулысы тиді. Әділет министрінің атына жолданған қаулыда судья менің сот процесінде Қылмыстық-процессуалдық кодекс пен адвокаттың кәсіби этикасын өрескел бұзғанымды айтады. Мен мұндай айыптың неге сүйеніп шығарылғанын түсінбедім. Онда қандай бап бойынша әдеп бұзғанымды көрсетпеген, - деді Гүлнара Жуаспаева.
Ол керісінше, сотта адвокаттар тергеу кезінде және процесте заң бұзушылық көп болғанын дәлелдегенін, айыптау жағында дәлелден гөрі күдік көбін айтты.
Жиында сотталушы Алмат Жұмағұловтың адвокаты Айнұр Омарова жиһадшылар туралы роликті сотталушыларға қарсы куәлік берген Асхат Шәрбат түсіріп таратқанын, ол видеоға сотталушылардың қатысы жоғы сараптамада дәлелденгенін айтты. Адвокаттың сөзінше, сотта көрсетілген аудио және видео материалдар кесіліп, өңделген. Адвокаттардың айтуынша, сотта олар басты куәгер Асхат Шәрбатты және видеодағы басқа да адамдарды сұрау үшін ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілін сотқа шақыруды сұрағанымен, ол өтініш орындалмаған.
"Жиһадшылар ісі" бойынша алматылық белсенділер Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев пен Оралбек Өміров жеті жыл мен сегіз жыл аралығындағы мерзімге сотталған. Сотталушылар мен олардың адвокаттары Асхат Шәрбат сотта қарама-қайшы куәлік берді деп, оны жауапқа тартуды сұраған. Бұл істі қараған судья Қуаныш Әріпов 21 желтоқсан күні үкімнің қарар бөлігін оқыған соң куәгерлер жауабына баға беретінін, бір куәгердің үстінен жеке сот қаулы шығарғанын айтқан. Қаңтардың 3-інде судья Әріповтің үш куәгерге жеке сот қаулысын шығарып, оларды жалған куәлік бергені үшін қылмыстық жауапқа тартуды ұсынғаны белгілі болған. Үш куәгердің арасында Асхат Шәрбаттың аты-жөні айтылмайды.
ПІКІРЛЕР