АҚШ Ресеймен арадағы орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімнен шығу процесін бастайды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы 16 қаңтарда Женевада АҚШ мемлекеттік хатшысының қару-жарақты бақылау мәселелері бойынша орынбасары Андреа Томпсон мәлімдеді.
15 қаңтарда АҚШ-тың Женевада Ресеймен өткізген келіссөз нәтижесіне көңілі толмайтыны хабарланған. Осыған байланысты АҚШ 2 ақпанда зымыран туралы келісімнен шығу процесін бастап, алты айда аяқтауды жоспарлап отыр.
Андреа Томпсон мұның алдындағы келіссөз бен Мәскеудің риторикасына қарап, Вашингтон Ресей келісім талаптарын орындауға кіріседі дегенге сенуден қалғанын айтты. Ал Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ Ресей келісімді сақтау мақсатында ұсынған барлық шараны ескермегенін мәлімдеді.
АҚШ пен СССР арасында орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы 1987 жылы жасалған келісім АҚШ пен Ресейге радиусы 300-ден 3400 миль қашықтыққа дейін жерден ұшатын баллистикалық және қанатты зымырандарды шығаруға, сынақтан өткізуге және сақтауға тыйым салады.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Ресейді келісім талаптарын бұзып, зымырандарды әлі де сақтап отыр деп айыптаған. Мәскеу бұл айыпты терістейді.
ПІКІРЛЕР