Accessibility links

Мирзияев: Германиямен қарым-қатынасты жақсартамыз


Германия канцлері Ангела Меркель мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Берлин, 21 қаңтар 2019 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Берлин, 21 қаңтар 2019 жыл.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Берлинде Германия канцлері Ангела Меркельмен келіссөз жүргізді. Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық әріптестік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінгенін хабарлады

Шавкат Мирзияевтің мәлімдеуінше, Өзбекстан Германияны экономикалық мүмкіндігі мол, инвестиция және технология салаларында басты әріптес болатын әлемдік держава ретінде қабылдайды.

Келіссөзден кейінгі баспасөз мәслихатында Мирзияев Германиямен қарым-қатынасты "бұрынғыдан жаңа, биік деңгейге" жеткізгісі келетінін айтты. Меркель Германияның "Өзбекстанның сенімді серігі болғысы келетінін" мәлімдеді. "Біз екі ел арасында байланысты кеңейтуге мүмкіндік мол деп санаймыз" деді Меркель.

Тараптар екі ел арасындағы сауда-саттық айналымы 700 миллион еуродан асатынын айтып, оны 1 миллиард еуроға жеткізуді жоспарлайды.

Өзбекстанда қазір Германия инвесторларының үлесі бар 132 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың ішінде 33 кәсіпорын жүз пайыз Германия капиталымен ашылған. Өзбекстан ұлттық банкі Германияның 57 банкімен байланыс орнатқан.

Кездесуде адам құқықтарын, қоршаған ортаны қорғау мәселелері сөз болды. Мирзияев Германия үкіметіне Арал теңізін апаттан құтқаруға үлес қосқаны үшін алғыс айтып, Берлинді халырақалық Аралды құтқару қорының қызметіне белсенді түрде қатысуға шақырды.

Мирзияевтің Германияға сапары барысында экономика, сауда, қаржы, білім, ғылым және инновация саларына қатысты тоғыз үкіметаралық және ведомствоаралық құжат қабылданды.

Шавкат Мирзияев Германияға сапары барысында осы ел президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен және бундестаг басшысы Вольфганг Шойблемен де кездесті.

Видео: Мирзияевтің Берлинге сапары

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG