АҚШ конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Ақ үйге хат жазып, президент Дональд Трамптың келесі аптада конгресте елдегі жағдай туралы сөз сөйлей алмайтынын ескертті. Пелоси ескертуді Трамптың конгресте жыл сайынғы дәстүрлі есеп беретіні туралы мәлімдеген соң жасады. Пелоси бұған дейін Трамптан федералдық мекемелер қызметі ішінара тоқтап тұруына ("шатдаун") байланысты баяндамасын кейін жасауды сұраған.
Қалыптасқан дәстүр бойынша, өкілдер палатасы арнайы қарар қабылдап, АҚШ президентін елдегі жағдай туралы жыл сайынғы есебін жариялауға шақырады. Пелоси әуелде Трампты үндеу жасауға шақырған, бірақ кейін конгресс президенттің қауіпсіздігіне жауап бере алмайтынын айтып, алғашқы ұсынысынан бас тартқан. Спикер соңғы хатында "шатдаун" әлі аяқталмағандықтан, президенттің баяндама жасай алмайтынын айтқан.
"Сізге федералдық мекемелер жұмысы толық қалпына келмейінше өкілдер палатасы АҚШ президентіне елдегі жағдай туралы баяндама жасауға рұқсат беретін қарарды қарамайтынын ескертемін" делінген Нэнси Пелосидің хатында. Ол президент баяндамасын жасау мерзімін үкімет жұмысы толық қалпына келген соң белгілеуді ұсынды.
Трамп оған жауабында баяндама жасауға қатысты "балама шешім" табатынын мәлімдеді. Ол спикердің шешімін "масқара" деп атап, оны "шындықты естігісі келмейді" деп сөкті.
Президент әкімшілігіне өкілдер палатасы спикерінің ескертпесі айтарлықтай әсер еткен жоқ. Соңғы күндері Ақ үй Пелоси президенттің өкілдер палатасында сөйлеуіне кедергі келтірген жағдайдағы ықтимал іс-қимыл жоспарын дайындаған. Трамп конгресс рұқсат бермеген жағдайда Вашингтоннан басқа жерде баяндама жасауы ықтимал.
ПІКІРЛЕР