АҚШ президенті Дональд Трамп 25 қаңтарда сенат және өкілдер палатасы қабылдаған бюджет туралы заңға қол қойды. Үкіметті 15 ақпанға дейін қаржыландыруды көздейтін заңда Мексикамен шекарада дуал тұрғызуға қаражат қарастырылмаған.
Жұма күні сәл ертерек Трамп федералды үкіметті үш аптаға дейін қаржыландыруды қарастыратын заң жобасын мақұлдауға дайын екенін жеткізген. Заңның қабылдануы АҚШ тарихындағы ең ұзақ "шатдаунды" тоқтатуға мүмкіндік береді.
“36 күн қызу пікірталас пен талқылаудан кейін демократтар мен республикашылдардың партиялық мүддесін ысырып, Америка халқын бірінші орынға қоюға дайын екенін көріп отырмын. Бұл барлық тараптарға бірігіп, тамаша еліміздің игілігі үшін жұмыс істеуге мүмкіндік береді” деді Трамп.
Енді қажетті шараларды сенат пен өкілдер палатасы атқаруы тиіс. Заңда дуал құрылысына қаражат бөлінбеген. Трамптың айтуынша, алдағы уақытта шекарадағы жағдайды бағалау үшін екі партияның өкілдерінен комитет құрылады. Бірақ ол үш апта ішінде конгрес дуал құрылысына қаражат бөлмесе, "шатдаунды" қайта жалғастыруы немесе төтенше жағдай жариялауы мүмкін екенін айтып ескерткен.
The Washington Post жазуынша, бір айдан астам уақыт жалақыларын ала алмаған федералды қызметкерлер келесі аптаның соңында ақшаларын алуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Трамп Мексикамен шекараға дуал тұрғыза ала ма?
22 желтоқсаннан бері "шатдаун" кесірінен АҚШ-тың 800 мың мемлекеттік қызметкері айлықсыз қалған. Шамамен 350 мың қызметкер өтемсіз демалысқа жіберілген. Олардың арасында NASA қызметкерлері, ұлттық саябақ қызметінің өкілдері де бар. Жалақы мәселесі ішкі қауіпсіздік, көлік, әділет министрліктері сонымен бірге АҚШ мемлекеттік департаменті, федералдық тергеу бюросы қызметкерлерін де алаңдатқан. Bloomberg агенттігінің жазуынша, АҚШ-та "шатдаун" кесірінен әр екі аптада өндіріс 0,1 пайызға қысқарған.
ПІКІРЛЕР