Accessibility links

"Президент жиенінің тосын жазбасы" таңғалдырды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әйелі Сара Назарбаева және жиені Айсұлтанмен бірге ойын-сауық орталығының ашылуында тұр. Алматы, 1997 жыл. Сурет Ақорданың Instagram-дағы парақшасынан алынған
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әйелі Сара Назарбаева және жиені Айсұлтанмен бірге ойын-сауық орталығының ашылуында тұр. Алматы, 1997 жыл. Сурет Ақорданың Instagram-дағы парақшасынан алынған

Осы аптада Батыс баспасөзі Назарбаевтың жиені "Айсұлтан жазды" деген Facebook-тегі “тосын пост” пен “Цеснабанкті” сату "талпыныстары" туралы жазды. Бұған қоса, Шыңжаңдағы қазақтардың жағдайы, соның ішінде бірнеше этникалық қазақтың босатылуын талқылады.

ПРЕЗИДЕНТ ЖИЕНІ ЖӘНЕ "ТОСЫН ПОСТ"

Ағылшын тілді Eurasianet.org сайты қаңтардың 23-і күні Facebook әлеуметтік желісінде президенттің жиені Айсұлтан Назарбаевқа тиесілі болуы мүмкін деген аккаунтта жарияланған пост туралы жазған. Онда жазба авторы "Ресейдің жекеменшік түрмесінен" босатылған соң елге оралғанын баяндайды. Автор оның қандай түрме екенін, өзінің ол жаққа қалай түскенін және кім жібергенін тарқатып айтпайды. Бар айтқаны – “құжаттарын ұрлап алып, жойып жібергендіктен, елге құжатсыз келген”, ал оны түрмеге “өзі сенуге тиіс болған” жақын адамдар – “жанашырлары” қаматқан-мыс.

"Айсұлтан Назарбаев бұрын да тосын пікірлерімен қоғам назарын өзіне аудартып келген. Қазақстандағы ең ықпалды адамның жиеніне Facebook-тан гөрі бюрократияға шағым айтатын басқа да оңтайлы жерлер болуы керек шығар” деп түйіндеген Eurasianet.org және, "кей адамдар оның эмоциялық денсаулығы туралы да ойлана бастады" деп қосады.

Eurasianet.org бұған қоса "Айсұлтан Назарбаев Қазақстанға келген соң құжаттарын қалпына келтіруге кіріскен сияқты" деп болжам жасайды.

"Біздің мемлекеттік органдарда болып жатқан нәрсені тозақ деуге болады. Мені бір мемлекеттік мекемеден екіншісіне жіберді… Ешқайсысы менің жағдайымда не істеу керегін білмеді" деп сайт Facebook-тегі посттан үзінді келтіреді. Автор ішкі істер министрлігі мен көші-қон қызметін кінәлап, “мұны кімге айтатынымды білемін” дейді де, артынша “бұл үшін мемлекет басшысын мазалағысы келмейтінін” айтады.

"Әдетте президент отбасы тақырыбы – талқыланбайтын, жабық тақырып. Дегенмен ел ішінде Айсұлтан туралы күбір әңгіме көбейді, оның анасы – Дариға сенатта жоғары лауазымды қызмет атқарады және кейде мұрагерлік туралы әңгімелерде аты аталады” деп жазады Eurasianet.org.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және оның үлкен қызы Дариға Назарбаева. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және оның үлкен қызы Дариға Назарбаева. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл

Мақала авторы "Айсұлтан жазды" деген бұрынғы посттарға да тоқталған. Eurasianet.org-тың мәліметіне қарағанда, Айсұлтанның аккаунты бір жыл тыныш тұрып, тек 2018 жылдың желтоқсанында "қайта еркіндікке шыққаны" туралы пост пайда болған. Онда автор "Ресейдің құқық қорғау органдарына" алғыс айтқан. 2017 жылы қыркүйекте автор "құмарлығын жеңуге" көмектескені үшін "атасына" рахмет айта келіп, "есірткіге құмартқанын" еске салады. 2017 жылдың басында аккаунт иесі Қазақстанның кей саясаткерлерін – президент Назарбаевтың серіктестерін “жемқор” деп айыптаған.

"Қуғындағы оппозиция мұны қуана құптады" деп жазады Eurasianet.org.

"ЦЕСНАБАНКТІ" ҚҰТҚАРУ МА?

Британдық Рейтер ақпарат агенттігі "Қазақстан басшылығы [елдегі] нөмірі екінші борышкер “Цеснабанкті” алатын банкті іздеп жатыр, себебі олар құрдымға кетуден құтқару үшін оған жаңа қаржылық көмек керек деп санайды” деп жазып, “бұл талқылаумен таныс үш дереккөзге” сілтеме жасайды.

"Үкімет және орталық банктің өкілдері кемінде үш қазақстандық банкке өтініш айтып, ақпан айында шарт жасасуға үміттеніп отыр дейді дереккөздер. Олар оны [“Цеснабанкті”] қабылдайтын кез келген банкке қаржылай қолдау ұсынып отыр. Басшылар жеке тұлғалардың депозиттерінде миллиард долларға жуық актив ұстап отырған және қыркүйек айында үкіметтен 1,8 миллиард доллар көмек алған банктің құрдымға кетуіне жол бермеуді көздейді” деп жазады Рейтер.

"Цеснабанктің" Астанадағы кеңсесіне кіріп бара жатқан адамдар. Көрнекі сурет
"Цеснабанктің" Астанадағы кеңсесіне кіріп бара жатқан адамдар. Көрнекі сурет

Агенттіктің айтуынша, Рейтердің сауалдарына ұлттық банк те, үкімет те, “Цеснабанк” пен оның басты акционері – президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Әділбек Жақсыбековтің өкілдері де жауап бермеген.

“Дереккөздердің ақпаратына қарағанда, банкті құтқару үшін алдымен оған инвестор ақша құяды, содан соң “үкімет оған қарыз кітабын тазартуға көмектеседі” деп жазады “Рейтер”.

Агенттіктің жазуынша, бұл тәсіл “[Қазақстандағы] банк жүйесінің "саулығына" қатысты көп сұрақ тудырады, бұдан бұрын сәуір айында Назарбаев банктерді құтқаруға 2017 жылы бөлінген 10 миллиард доллар – соңғы көмек екенін айтқан”.

Белгісіз "дереккөздерге" сілтеме жасаған автор мақалада банктің қазіргі жағдайын жан-жақты сипаттайды және оның “нашар несие кесірінен” осындай халге душар болғанын айтады.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫ БОСАТУ

Бірнеше халықаралық басылым қамаудағы кейбір адамдардың Шыңжаңдағы "тәрбиелеу лагерьлерінен" босатылғанын жазды.

Британдық Financial Times-тың жазуынша, “Қытай қамау лагерьлерінен жүздеген этникалық қазақты босатып”, “жақында болатын БҰҰ инспекциясының қарсаңында үйқамаққа алып жатыр”.

Осы айда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Шыңжаңда екі мың Қытай қазағын босату туралы келіссөз жүріп жатыр деген. БҰҰ-ның дерегіне қарағанда, мұнда бір миллионға жуық мұсылман ұйғыр мен басқа да аз ұлт өкілдері өз еркінен тыс қамауда отыр. Дегенмен Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың туыстары мен Қазақстандағы азаматтық белсенділердің айтуынша, жақындары лагерьлерден босатылғанымен “олар Шыңжаң қалаларында жіті бақылауда қалып, үйлеріне қайта алмай отыр”.

Америкалық Foreign Policy журналы "қамаудағылар Шыңжаң лагерьлерінен шығып жатыр" деген жан-жақты зерттеу жариялады. Онда авторлар қамаудағылардың туыстары мен Қазақстандағы белсенділердің, соның ішінде “Атажұрт” ұйымының рөлін ерекше атап өтеді. Олар “болып жатқан қасіретті бүкіл әлем білуі үшін” мәселені қорықпай дамылсыз көтере бастады дейді.

"Атажұрт" ұйымының мәліметінше, лагерьлерден кемінде 200 қазақ босатылған.

"Бұл босату – Қытайдың Шыңжаңда болып жатқан адамзатқа қарсы қылмыстарға балама нәрсе жасау талпынысы сияқты. Оның үстіне, жуырдағы мемлекеттің үгіт-насихаты, шетелдік журналистер мен дипломаттардың "потемкиндік" сапарларын ескеру керек. Өз петициялары мен қамаудағыларды босатудың арасында тығыз байланыс бар деп санайтын кейбір қазақтар [Қытай] бұл екпінді басып тастауға тырысады деп қорқады” деп жазады Foreign Policy.

Қазақстан елшілігінің өкілі: Лагерьдегі жағдай жақсы​ (10 қаңтар 2019 жыл)

Америкадағы Bloomberg ақпарат агенттігінің сайтында да бұл жайт туралы көп айтылады, соның ішінде Шыңжаңдағы қуғынның Қытайдың ежелгі Жібек жолын қалпына келтіруге бағытталған "Бір белдеу – бір жол” атты амбициялық жобасына әсерін айтады.

"Президент Си Цзиньпин үшін Қытайды ұлы державалардың қатарына қайтаруда Шыңжаңның рөлі ерекше зор. Шыңжаң Қытай халқының 1,5 пайызын, ал экономикасының 1,3 пайызын ғана құрағанымен, ол “Белдеу және жол” бағдарламасының географиялық кіндігінде орналасқан. Бұл – дамушы елдерде жаңа автокөлік жолдарын, порттар мен басқа да заманауи инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталған триллион долларлық жоспар. Ол [осы елдерді] Қытай нарығымен жалғап, скептиктердің сөзімен айтсақ, оларды ондаған жылдар бойы Қытайдың борышкері етуге бағытталған” деп жазады Bloomberg.

Қақтығыс тарихын сипаттай келе, Bloomberg "Қытайдың бұл аймаққа қысымы 2013 жылғы ұйғырлардың бейбіт тұрғындарға шабуылдарынан басталды" деп жазады. Мақала авторы Питер Мартин аймақтың көп тұрғынымен әңгімелескен және ханзулардың көбі “ресми көзқарасты қолдайды, себебі ұйғырлар [билікке] бағынбайды деп есептейді" деген қорытынды жасаған. Мартиннің айтуынша, “ұйғырлардың көбі бірдеңе айтатындай емес, қатты қорқып қалғандай көрінеді. Олар сыбырлап, жұмбақтап сөйлеседі. Барлығы жақсы деп тез кетіп қалады”.

Қарай отырыңыз: Шыңжаңның өткені мен бүгіні​

"Ұйғырлардың "параноик" болуға барлық себебі бар. Оларды полицияның аңдып жүргені көрініп тұр. Үнемі қамауға түсіп қаламын деп үрейленіп жүреді. Полиция оларды көшеде тоқтатып алып, қайда, не себепті бара жатқандарын сұрап, тергейді. Детекторлар, бетті сканерлеу, құжаттарды тексеру қалыпты жағдайға айналған. Барлық жерде, тіпті кейбір қоғамдық әжетханаларда бақылау камералары бар. Бір ұйғыр мешітінен 40 камераны санап шықтым” деп жазады Питер Мартин.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG