Accessibility links

Жікшілдік құрбаны ма, кездейсоқ қаза ма?


Төбелестен қаза болған оқушы жерленді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:56 0:00

Азаттық видеосы: Шалқарда төбелестен қаза болған оқушы жерленді.

Шалқарда адам қолынан мерт болған жасөспірім Мирасбек Дәулетиярдың өлімі қаладағы қылмыстық ахуал мен оқушылардың топтасып төбелесуі сияқты қордаланған мәселелерге қоғам назарын қайта аударды.

Қаңтардың 28-і күні туыстары мен сыныптастары Ақтөбе облысының Шалқар қаласындағы мұз айдынында "пышақ жарақатынан қаза тапқан" жасөспірім Мирасбек Дәулетиярды ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмның отбасы Шалқар қаласындағы Байсалбаев көшесінде тұрады. Бұл ықшамауданның ел арасында "Маяк" деген бейресми атауы бар. Мирасбек осы аудандағы Ідіріс Үргенішбаев атындағы мектепке былтыр Ақтөбедегі облыстық спорт интернатынан ауысып келген.

МЕЗГІЛСІЗ ӨЛІМ

Мирасбек Дәулетиярдың өлімінен соң Шалқардағы №6 мектептің 10-сынып оқушысы қамауға алынған. Күдікті – ел арасында "Рабочий городок" деп аталатын ықшамауданның тұрғыны. Полицияның мәліметіне сәйкес, бір-біріне жалғасып жатқан екі ауданның жоғарғы сынып оқушылары қаңтардың 26-сы күні сағат 18.00 шамасында Шалқар көлінің шетіндегі мұз айдынында шекісіп қалады.

Шалқар көліндегі мұз айдыны. Ақтөбе облысы, 28 қаңтар 2019 жыл.
Шалқар көліндегі мұз айдыны. Ақтөбе облысы, 28 қаңтар 2019 жыл.

Сол жерде 10-сынып оқушысы Мирасбек Дәулетиярдың сол жақ кеудесіне пышақ сұғылады. Дәрігерлердің айтуынша, қансырап жатқан жасөспірімді белгісіз біреулер аудандық аурухана жанына қалдырып кеткен. Қақпа алдында ес-түссіз жатқан жасөспірімді кездейсоқ адамдар ауруханаға сүйеп кіргізген.

Шалқар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу-профилактикалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Есенғали Көпенов Азаттыққа:

- Қаңтардың 26-сы күні сағат 19.00 шамасында өте ауыр жағдайда жасөспірім бала жеткізілді. Бізге түскенде жағдайы өте ауыр болды. Қан қысымы мүлдем болмады. Сол жақ кеудесінде шаншылып-түйрелген жарақат байқалды. Шұғыл түрде реанимациялық шаралар жүргізілді, соған қарамастан жасөспірім бала 15-20 минут аралығында қайтыс боп кетті, - деді.

Мирасбек Дәулетиярдың әлеуметтік желіде жариялаған суреті.
Мирасбек Дәулетиярдың әлеуметтік желіде жариялаған суреті.

Аурухана төсегінде тілге келместен үзілген Мирасбек Дәулетияр наурыз айында 16 жасқа толар еді. Отбасындағы үш ұлдың ортаншысы жуырда спорт шеберлігін қорғамақ боп жүрген. Мирасбектің сынып жетекшісі Алмас Ізбасқан оқушысының аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстардан жүлде алып жүрген боксшы екенін айтады.

- Мирасбек қаңтардың 27-сі күні аудандық жарысқа қатысуы керек болатын. Қаңтардың 26-сы күні кешкілік қаралы хабар жетті. Ол ешқашан жаман қылықтарымен көзге түскен емес. Тәрбиелі отбасының баласы еді, - дейді сынып жетекшісі.

Қаңтардың 28-і күні ұлының жаназасына қатысып, көңіл айта келгендерге Мирасбектің анасы Айгүл: "Баламды өлтіргендер әділ жазасын алсын!" деп дауыс қыла жылап жатты.

Шалқар ауданының прокуроры Арон Әбіловтің айтуынша, бұл оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің "кісі өлтіру" бабы бойынша іс қозғалған. Күдікті жасөспірім қазір аудандық ішкі істер бөлімі жанындағы изоляторда қамауда отыр.

ТӨБЕЛЕСТІҢ ТҮП СЕБЕБІ НЕ?

Азаттық тілшісі барғанда күдікті оқыған №6 мектепте жан-жақты тексеру жүріп жатты. Ішкі істер бөлімі қызметкерлері мектеп мұғалімдерінен күдікті оқушы мен кісі өлімін көзімен көрген үш куә туралы мінездеме алып, аудандық білім бөлімі жанынан құрылған жұмыс тобы тәрбие жұмысының құжаттарын тексере бастаған.

№6 мектеп директоры міндетін атқарушы Әлия Оспанова (оң жақта) мектеп жұмысын тексере келген ішкі істер бөлімі қызметкерін құжаттармен таныстырып отыр. Шалқар, Ақтөбе облысы, 28 қаңтар 2019 жыл.
№6 мектеп директоры міндетін атқарушы Әлия Оспанова (оң жақта) мектеп жұмысын тексере келген ішкі істер бөлімі қызметкерін құжаттармен таныстырып отыр. Шалқар, Ақтөбе облысы, 28 қаңтар 2019 жыл.

- Мұз айдынындағы оқиғадан соң күдікті ретінде №6 орта мектебінің төрт оқушысы ұсталған болатын. Кейін оның үшеуі оқиға куәгері ретінде босатылды. Олардың барлығы да 10-сынып оқушылары, - дейді №6 мектеп директорының міндетін атқарушы Әлия Оспанова.

Ұзақ уақыт аудандық білім бөлімінде әдіскер болған Әлия Оспанова Шалқар мектептеріндегі оқушылардың аудан-ауданға, одан қалды туған жылдарына қарай топ-топқа бөлініп, шекісіп қалатындарын аңғарыпты.

Шалқар қаласының көрінісі. Ақтөбе облысы, 28 қаңтар 2018 жыл.
Шалқар қаласының көрінісі. Ақтөбе облысы, 28 қаңтар 2018 жыл.

Шалқар – қақ ортасын теміржол бөліп жатқан шағын қала. Мирасбек Дәулетияр қаланың жергілікті жұрт "Көл жақ" деп атайтын бөлігінде пышақталған. Бұл аудан – теміржолдың оңтүстік-батысында.

Аты-жөнін атамауды сұраған шалқарлық оқушының Азаттыққа айтуынша, теміржолдың солтүстік-шығыс бөлігіндегі үш аудан "Маяк", "Рабочий городок" пен "Эрон" деп аталады. Аталмыш аудандардың жастары арасында мұндай қақтығыстар бұрыннан бар дейді тұрғындар. Алайда мұны ресми органдар – аудандық прокуратура мен аудандық білім бөлімі жоққа шығарады.

Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Абзал Әбдіков. Ақтөбе облысы, 28 қаңтар 2019 жыл.
Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Абзал Әбдіков. Ақтөбе облысы, 28 қаңтар 2019 жыл.

- "Шалқардың балалары аудан-ауданға бөлініп төбелеседі екен, бұрыннан бері төбелесіп жүрген, кешегі төбелес – соның жалғасы екен" деген бекер әңгіме. Біз ішкі істер бөлімімен байланысып отырмыз. Олар бір күдіктінің үстінен іс қозғалғанын, топтаса төбелесудің болмағанын, қылмыс алдын ала сөз байласу арқылы жасалмағанын айтты, - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Абзал Әбдіков.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті бала тәрбиесі үшін бірден-бір жауапты тұлға "ата-ана" деп санайды. Департамент жасөспірімдер арасындағы қылмысты білім беру мекемелері, полиция мен ата-ананың бірлескен әрекеті арқылы ғана азайтуға болады деп мәлімдеп келеді.

Шалқардағы жасөспірімдер қақтығысы облыс орталығы Ақтөбеге де тән құбылыс. Жергілікті полиция биыл қаңтардың 10-ы күні Ақтөбедегі ескі зират аумағында болған 40 шақты оқушының төбелесін әлі де тексеріп жатқанын хабарлады. Қаладағы төрт мектептің оқушылары төбелесіп, жергілікті университеттің бірінші курс студенті жарақат алған бұл оқиғадан соң Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалған.

Ресми ақпаратқа сәйкес, 2018 жылы Ақтөбе облысында жасөспірімдер 146 рет қылмыс жасаған. Оның екеуінде жасөспірімдер кісі өлтірген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG