Accessibility links

Теміртаулық журналист АМТ қарсы шағымын қайта қарауды талап етеді


Журналист Олег Гусев
Журналист Олег Гусев

Теміртаулық журналист Олег Гусев "кәсіби қызметке кедергі келтіру" жөніндегі қылмыстық істі қайта қарауды талап етіп, Қарағанды облыстық сотына арыз жазған. Бұған дейін журналистің шағымын сот "қылмыстық құрамы жоқ" деп тауып, істі жапқан. Гусев шағымында "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының басшылығы "маған қысым жасады, бопсалады" деп жазып, "кінәлілерді жауапкершілікке тартуды" сұраған.

- Заңгеріммен ақылдасып облыстық прокуратураға, тергеу орындарына арыздандық. Кінәлілерді заң бойынша жауапқа тартып, істі қайта қарауды талап етеміз және оған себеп бар деп ойлаймыз. Қайтсем де мына істі аяқсыз қалдырмаймын. Құқығымды қорғау үшін керек болса бас прокуратураға да барам - дейді Олег Гусев.

Бұған дейін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының заңгері Тілек Ибраев "журналистің бопсалау туралы айтқаны өтірік, ол компаниямен келісімге келген" деген. Келісім бойынша "Гусев АМТ туралы жағымсыз ештеңе жазбауы керек, ал компания журналистің туысы жұмыс істейтін ұйымды қара тізімге кіргізбейді". Бұл келісім қаңтардың 29-ы күні өткен сот отырысында да айтылған.

Гусев ІІМ мен бас прокуратураға Facebook желісінде "қысым" туралы шағымданған соң "журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру" бабы бойынша іс қозғалған. Журналист істі зерттеу барысында тергелгенін, екінші тараппен көзбе-көз кездескенін, аудиожазбалардың сараптамаға жіберілгенін айтқан. Кейін журналист істің сотқа жетпей тоқтатылғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG