Accessibility links

Денис Теннің туыстары сотқа апелляциялық шағым түсірді


Денис Тен өліміне қатысты сот процесі. Алматы, қаңтар айы 2019 жыл
Денис Тен өліміне қатысты сот процесі. Алматы, қаңтар айы 2019 жыл

Денис Теннің өліміне қатысты сот үкімімен келіспеген спортшының туыстары сотқа апелляциялық шағым түсірді деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігі.

Апелляциялық шағымда тергеу амалдарының жан-жақты әрі толымды жүргізілмегені, үкімде жазылған жайттармен жәбірленуші тараптың келіспейтіні жазылған. Шағым иелері оқиғаның мән-жайын ашуға көмектесетін маңызды айғақтарды, атап айтқанда "сотталушылар қылмысты тапсырыспен жасады" деген болжамға қатысты фактілерді соттың ескерусіз қалдырғанын жазған. Жәбірленуші тарап үкімді қатайтқанын қалайды.

17 қаңтарда Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты спортшы Денис Теннің өліміне байланысты айыпталған Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты - 18 жылға, Жанар Толыбаеваны 4 жылға бас бостандығынан айырған.

​Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновке Қылмыстық кодекстің "қарақшылық" және "адам өлтіру" баптары бойынша айып тағылған. Ал Жанар Толыбаева "қылмысты хабарламау" айыбы бойынша күдікке ілінген. Бұдан бөлек, айыптау актісінде Құдайбергеновтің "бірнеше рет ұрлық жасағаны", ал Толыбаеваның "өзара келісіп ұрлық жасағаны" айтылады.

Сот екі айыпталушының кінәлары толық дәлелденгенін, ал Жанар Толыбаеваның "қылмысты хабарламау" бабы бойынша ғана кінәсі дәлелденгенін жеткізген.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда ауруханада қайтыс болған. Көшеде тұрған автокөлігінің айнасын ұрлаған адамдарды тоқтатпақ болған спортшыны әлдекімдер пышақтап кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG