5 ақпанда Алматы тұрғындары мен қала қонақтары қаладағы 28 Панфиловшылар саябағына жиналып, Астанада өрттен қаза тапқан бес баланы еске алды. Келушілер қаза тапқан балалардың суретіне гүл қойып, жеті шелпек таратып, бір минут үнсіздік жариялаған. Қоғамдық белсенділер мен блогерлер шарадан Facebook желісіне пост және сурет салды.
Алматыда осыған ұқсас аза тұту шарасы 5 ақпан күндіз қаладағы орталық алаңдардың бірінде өткен. Бірнеше белсенді қаза тапқан балалардың рухына құран бағыштаған.
Ақтөбеде де ондаған белсенді "Астана" саябағына жиналып, ақ және қара түсті шар ұшырып, аза тұтқан.
4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында Шыңғыстау көшесіндегі жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған. Қаза болған балалар 5 ақпанда жерленді. Ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне жүздеген адам жиналған.
Бес баласынан айырылған шаңыраққа Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен премьер-министр Бақытжан Сағынтаев көңіл айтқан.
ПІКІРЛЕР