6 ақпанда Ақтау қалалық соты Қазақстан билігі тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін "билікті құлатпақ болды" деп айыпталған Айгүл Ақбердиеваны ақтау туралы үкім шығарды. Бұл туралы Азаттыққа Ақбердиеваның адвокаты Жанар Сүндетқалиева хабарлады.
- Сот Ақбердиеваның іс-әрекетінде қылмыстық құрам жоқ деп тауып, оны толық ақтады және бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеуді жүргізген полиция қызметкерлеріне қатысты жеке ұйғарым шығарды, - деді ол.
Адвокаттың сөзінше, егер прокурор қарсылық білдірмесе сот үкімі 15 күннен соң күшіне енбек.
Бұған дейін Айгүл Ақбердиева соттағы соңғы сөзінде кінәсіз екендігін, айыбын мойындамайтынын мәлімдеген еді. Прокурор судьядан Ақбердиеваны айыпты деп танып, бас бостандығын бес жыл мерзімге шектеу жазасын тағайындауды сұраған болатын.
39 жастағы Айгүл Ақбердиеваның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот 2018 жылы 24 қыркүйекте басталған. Соның алдында Ақбердиеваның күйеуі 45 жастағы Абловас Жұмаев та ҚДТ чатындағы жазбалары үшін "әлеуметтік алауыздық тудырды", "билікті күштеп құлатпақ болды" деп айыпталып, сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан айырылған. 2018 жылы 5 желтоқсанда Маңғыстау облыстық апелляциялық соты үкімді күшінде қалдырды.
Ерлі-зайыпты Жұмаев пен Ақбердиева өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды.
2018 жылы 13 наурызда Астана соты бас прокуратураның арызын қанағаттандырып, қуғындағы бұрынғы банкир әрі биліктің сыншысы Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған және Қазақстан аумағында тыйым салған. Содан бері елде осы қозғалыстың жақтастарына қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалған еді.
ПІКІРЛЕР