Accessibility links

Ақтөбеде көп балалы аналар талабынан кейін билік комиссия құрды


Ақтөбе облыстық әкімдігіне әлеуметтік проблемаларын шешуді талап етіп келген адамдар. 7 ақпан 2019 жыл.
Ақтөбе облыстық әкімдігіне әлеуметтік проблемаларын шешуді талап етіп келген адамдар. 7 ақпан 2019 жыл.

7 ақпанда Ақтөбе облыстық әкімдігіне келген бір топ ана баспанаға мұқтаж екендерін, балаға мардымсыз жәрдемақы берілетінін айтып, биліктен әлеуметтік проблемаларын шешуді талап етті. Бес баланың анасы Ақмарал Жылқайдарованың Азаттыққа айтуынша, Астанада бес баласы өрттен қаза болған отбасының ауыр жағдайын әлеуметтік желіде талқылаған ақтөбелік аналар жергілікті билікке талаптарын жеткізуді ұйғарған.

Биліктен әлеуметтік проблемаларын шешуді талап еткендер арыз-өтініш жазып отыр. Ақтөбе, 7 ақпан 2019 жыл.
Биліктен әлеуметтік проблемаларын шешуді талап еткендер арыз-өтініш жазып отыр. Ақтөбе, 7 ақпан 2019 жыл.

Оларды бүгін Ақтөбе қаласындағы Астана және Алматы аудандарының әкімдері, әлеуметтік сала мекемелерінің басшылары қабылдады.

Сегіз баланың анасы Айтолқын Орынбасарованың сөзінше, кенжесі жуырда қырқынан шыққан. Декреттік демалысқа дейін Ақтөбедегі теміржол колледжінде еден жуушы болып істеген әйел омыраудағы сәбиін үйге тастап, қайтадан жұмысқа шықпақ ойы барын, мемлекеттен төленетін аз жәрдемақы балаларының қажетіне жетпейтінін айтады.

- Балаларға 16 мың теңге аламын. Қайсысына жаратамын оны?! Үкімет жағдайымызды жасасын. Бала ту, халық санын көбейтуіміз керек деді. Қайда енді көмектері? - дейді Айтолқын Орынбасарова.

Облыстық билікке талаппен келген аналардың көбі пәтер жалдап тұратындарын айтады. "Мемлекет көп балалы аналарға арнайы бағдарлама жасап, үй салып бермесе жағдайымыз күннен күнге қиындап барады" дейді сегіз баланың анасы Базаркүл Досанова.

Билік өкілдеріне жолығып, арыз-шағымдарын жеткізгеннен кейін аналар үйлеріне тарады.

Ақтөбе облысы әкімдігі баспасөз қызметінің өкілі Әсия Нұрлыбаева Азаттыққа көп балалы аналардың баспана, үйлеріне газ құбырын тарту, балаларға төленетін жәрдемақыны көбейту және т.б. мәселелер жайлы арыз-өтініштерін тиісті салаға жауапты қызметкерлер тыңдап, кеңестер бергенін және облыста арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.

- Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов жетекшілік ететін бұл комиссия тұрғындардың әлеуметтік проблемалары туралы арыз-өтініштерін қарап, ол бойынша қабылданған шешімдердің орындалу барысын бақылайтын болады, - деді Әсия Нұрлыбаева.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді. Жергілікті биліктің дерегінше, көп балалы отбасы тұрып жатқан баспанада өрт шыққанда балалардың ата-анасы жұмыста болған.

6 ақпанда Астананың орталығындағы концерт залына жиналған ондаған ана бес баласы өрттен мерт болған отбасындағыдай жағдай өз бастарына да барын айтып, биліктен әлеуметтік проблемаларын шешуді талап етті. Сәрсенбіде Алматы мен Шымкентте де тұрғындар билікке осындай талап қойған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG