Тіркелмеген "Алаш" партиясының жетекшісі Сырым Әбдірахмановтың соты басталды. Алғашқы отырыс 8 ақпанда Астанада өтті.
Белсенді ұсталған сәтте оның үстінен "Көрінеу жалған ақпарат тарату", "Билік өкіліне қатысты күш қолдану", "Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасау", "Билік өкілін қорлау" баптары бойынша іс қозғалған. Ал адвокат Төлеген Шаиковтың айтуынша, қазір Әбдірахмановқа тек "Билік өкілін қорлау" және "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" баптары бойынша айып тағылған.
8 ақпандағы сот отырысында Әбдірахманов айыптау актісінің көшірмесін алмағанын айтты. Адвокат Төлеген Шаиков та айыптау актісінің көшірмесі әлі қолдарына тимегенін жеткізді. Сот айыптау актісін жібергенін хабарлады. Әбдірахманов айыптау актісін алмағандықтан сот 12 ақпанға қалды.
Адвокаттың сөзінше, "Әбдірахмановтың үйіне тінту жасаған кезде полиция өкілдері оны балағаттап, денесін жарақаттаған".
Әбдірахманов өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.
Белсендінің үстінен бұрын Астана қаласы әкімінің орынбасары болған, 7 ақпанда президент іс басқармасы төрағасының орынбасарлығына тағайындарған Сергей Хорошун арызданған. Шенеунік белсендіні өзіне қатысты “жалған ақпарат таратты” деп айыптаған еді. Бұл айып бойынша іс тоқтатылған.
ПІКІРЛЕР