СССР кезінде Ауғанстанда совет армиясының арнайы мақсаттағы тобын басқарған, "қара майор" лақап атымен әйгілі Борис Керімбаев 12 ақпанда 71 жасында дүниеден өтті. Бұл туралы бүгін қазақстандық басылымдар хабарлады.
Бұдан бір күн бұрын Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери ауруханада жатқан отставкадағы полковник Борис Керімбаевтың көңілін сұрап барып, оған Қазақстан әскери барлауына сіңірген еңбегі үшін "Алтын үкі" төсбелгісі мен алғыс хат тапсырғаны туралы хабарланған еді.
Борис Төкенұлы Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1970 жылы Ташкент жоғары әскери училищесін бітірген соң Германиядағы совет әскері қатарында қызметін бастаған.
1979 жылы совет әскері Ауғанстанға басып кіргеннен кейін Борис Керімбаев СССР қарулы күштері бас штабы бас барлау басқармасының (ГРУ) арнайы мақсаттағы 177-тобы ("екінші мұсылман батальоны") басшылығына тағайындалып, ауған жеріндегі арнайы әскери операцияларға қатысқан. Ауғанстанда совет әскеріне қарулы қарсылық танытқан мұжахедтермен соғыста Борис Керімбаев "қара майор" деген лақап атымен танылған. Керімбаевтың батальоны 1982 жылы Ауғанстанның Панжшер алқабында әйгілі дала қолбасшысы Ахмад Шах Масудтың күштеріне қарсы тұрған. Кей деректерде мұжахедтер "қара майордың" басына миллион доллар тіккені айтылады.
1983 жылы желтоқсанда Ауғанстаннан Алматы маңындағы әскери бөлімге ауысқаннан кейін Борис Керімбаев әр жылдары батальон, полк басшысы қызметтерін атқарған. 1990 жылдардың басында Қазақ ССР азаматтық қорғаныс штабына жұмысқа ауысып, 1992 жылы полковник шенінде отставкаға шыққан.
ПІКІРЛЕР