АҚШ конгресіндегі демократтар мен республикашылдар елдің оңтүстік шекарасындағы қауіпсіздік мәселесіне байланысты алдын ала келісімге келді. Бұл келісім осыған дейін келіссөзге берілген мерзім аяқталатын 15 ақпанда үкімет мекемелері жұмысының тоқтамауына ("шатдаун") септесуі тиіс.
Сенат мүшесі республикашыл Ричард Шелбидің журналистерге айтуынша, конгресс мүшелері дүйсенбіде кешке дейін жалғасқан жабық жиында "принципті келісімге" келген. Шелби келісімнің егжей-тегжейін айтпады. Оның сөзінше, келісім әлі пысықталады.
Бұл келісімді АҚШ президенті Дональд Трамптың қалай қабылдайтыны әзірге белгісіз. Ол сейсенбіде Техаста қолдаушыларының алдында сөз сөйлемек.
Келісім жобасында АҚШ пен Мексика арасындағы шекарада заңсыз мигранттарға қарсы бөгет орнату үшін 1,375 миллиар доллар бөлу қарастырылған. Трамп шекарада дуал құрылысын салуға 5,7 миллиард доллар сұраған.
Егер екі тарап апта соңына дейін мәмілеге келе алмаса, онда АҚШ үкіметінің жұмысы тағы да ішінара тоқтауы мүмкін.
Бұған дейін өткен жылдың соңынан бастап 35 күнге созылған "шатдауннан" кейін 25 қаңтарда Дональд Трамп үкіметтік мекемелердің жұмысы жалғасатынын жариялаған болатын.
ПІКІРЛЕР