АҚШ жіберген гуманитарлық көмек Венесуэлаға 23 ақпанда жеткізіледі. Бұл туралы Каракаста өткен шеруде оппозиция лидері Хуан Гуайдо мәлімдеді. Ол елде тұрғындарға аса қажетті тауарларды таратуға жәрдемдесуге мыңдаған ерікті жазылды деп айтты.
Гуйадо билік гуманитарлық көмекті Венесуэлаға жеткізуге бөгет жасауы мүмкін деп ескертті. Оппозиционер билік жаңа президент сайлауын тағайындамайынша елде наразылық акциялары жалғаса береді деді.
Венесуэла президенті Николас Мадуро ВВС-ге берген сұхбатында АҚШ жіберген гуманитарлық көмекті елге кіргізбейтінін мәлімдеді. Оның пікірінше, Вашингтон Венесуэлаға "басып кіру" пиғылын гуманитарлық көмекпен бүркемелеп отыр.
Каракаста оппозицияның қарсылық акциясымен бірге Мадуроны қолдайтындар да шеру өткізген. БАҚ-тың хабарлауынша, екі шара да бейбіт жағдайда өткен.
Бұған дейін Венесуэла сыртқы істер министрі ел билігі БҰҰ-ның немесе кез келген өзге арағайынның қатысуымен оппозициямен диалог өткізуге дайын деп мәлімдеген.
Венесуэланың Ресейдегі елшісі Карлос Рафаэль Фариа Тортоса оппозиция лидері Гуайдоны "АҚШ-тың қуыршағы" деп атаған.
Оқи отырыңыз: Венесуэлада "уақытша президент" пайда болды
Қаңтардың соңында Венесуэла Ұлттық ассамблеясы (парламент) спикері әрі оппозиция лидері 35 жастағы Хуан Гуайдо Николас Мадуроның қызмет міндетін дұрыс атқара алмай отырғанын мәлімдеп, өзін "уақытша президентпін" деп жариялаған. АҚШ, Бразилия, Канада, Израиль, Еуропа одағы елдерінің бірқатары мен Латын Америкасы мемлекеттерінің көбі оны Венесуэланың уақытша президенті деп таныды.
Бұған дейін Мадуро елде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы ұсынысты қабылдамай, оның орнына парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге шақырған еді. Ол АҚШ-ты Венесуэлаға әскер кіргізуге дайындалып жатыр деп айыптады. Мадуроны Ресей, Куба, Түркия мен Қытай қолдайды.
Мұнайға бай Венесуэлада тұрғындар бірнеше жылдан бері азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығын көріп отыр. 2018 жылы елдегі инфляция көрсеткіші бір миллион пайыздан асып кетті. Соңғы бірнеше жыл бойы президентке наразылық акциялары бәсеңдемей отыр. Осы уақыт ішінде үш миллионға жуық адам шетелге кеткен.
ПІКІРЛЕР