14 ақпанда оставкадағы әскери полковник Борис Керімбаевпен қоштасу рәсіміне Алматыдағы Армия үйіне жүздеген адам жиналды. Олардың арасында Қазақстан қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов та болды.
СССР кезінде Ауғанстанда совет күштерінің "мұсылман батальоны" деп аталған арнайы мақсаттағы тобын басқарған Борис Керімбаев 12 ақпанда 71 жасында Алматыда дүниеден өтті. Керімбаев 1980 жылдардың басында Қазақстанда негізінен СССР-дің ортаазиялық республикаларынан шыққан әскерилерден жасақталған 177-арнайы батальоны командирі болып қызмет атқарды.
Ауғанстанда совет әскеріне қарулы қарсылық танытқан мұжахедтер арасында Борис Керімбаев "қара майор" деген лақап атымен танылған.
1982 жылы Керімбаевтың тобы Панжшер алқабында Кабулға баратын стратегиялық маңызы бар көлік жолын бақылауға алып, "қара майор" әйгілі дала қолбасшысы Ахмад Шах Масуд басқаратын мұжахедтермен атысты доғару туралы келісімге келгеннен кейін тоғыз айға жалғасқан ұрыс саябырлаған.
Борис Керімбаев 1990 жылдардың басында Қазақ ССР азаматтық қорғаныс штабына жұмысқа ауысып, 1992 жылы полковник шенінде отставкаға шыққан. Ол совет әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл толуына үш күн қалғанда дүниеден өтті.
ПІКІРЛЕР