15 ақпанда Талдықорған қалалық сотында Шыңжаңда туған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың Алматы облыстық көші-қон қызметі басқармасының жанынан құрылған комиссия үстінен түсірген талап-арызы негізінде алдын ала тыңдау өтті.
"Қытайдан заңсыз шекара кесіп өтті" деп айыпталған Сайрагүл Сауытбай бұған дейін өзіне босқын мәртебесін беру туралы арыз берген. Бірақ Сайрагүлдің арызы қанағаттандырылмаған еді. Шағым беруші жақ соттан шешімді заңсыз деп тануды, Сайрагүлге босқын мәртебесін беруді сұрап отыр. Істі судья Бейбіт Тұрысов қарап жатыр.
"Бұған дейінгі комиссия отырысының шығарған шешімі біз үшін түсініксіз. Сол себепті мен комиссияның шығарған шешіміне себеп болған негіздерді сотқа алып келуді сұрадым. Қарсы тарап ретінде келген ішкі істер министрлігінің өкілі де менің бұл талабымды қолдады. Соған байланысты соттың келесі отырысы 11 наурызға қалды" дейді Сайрагүл Сауытбайдың жаңа адвокаты Айман Омарова ақпанның 15-і күні Азаттық тілшісіне.
Былтыр тамыз айында Алматы облысының Панфилов аудандық соты "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайды алты ай бас бостандығынан айыруға, бірақ оны "жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім еткен. Сайрагүл Сауытбай сотта өзіне Қытайда "саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын" мәлімдеген. Ол сотта Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істегенін, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат бергенін жеткізген. Ол егер өзін Қытайға қайтарса, онда өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін, Қазақстандағы кез-келген жазаға келісетінін мәлімдеген.
Бұған дейін Қазақстан билігі Сайрагүлге үш ай мерзімге "пана іздеуші тұлға" куәлігін беріп, былтыр қазан айында оның мерзімін тағы үш айға ұзартқан.
Қарай отырыңыз: Сайрагүлге босқын мәртебесі неге берілмеді?
ПІКІРЛЕР