Accessibility links

Абаев аккредитация алу шартын күшейту ұсынысына қатысты пікір білдірді


Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 25 қыркүйек 2018 жыл.
Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 25 қыркүйек 2018 жыл.

Қазақстан ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 15 ақпанда Шымкентке сапары кезінде журналистерге аккредитация беру шарттарын күшейту ұсынысына қатысты пікірін айтты.

- Қазір бұл ұсыныс талқыланып жатыр. Журналистердің пікірін естіп жатырмыз. Талқылап, бір шешімге келеміз. Бұл - қатаңдату емес, бір жүйеге келтіру. Егер құжатты оқысаңыз, ол жерде ешқандай қатаңдату жоқ. Мысалы, тілшінің редакциямен келісімшартын көрсетуді кейбір редакцияның басшылары өздері ұсынды. Себебі ол редакциядан кеткен журналистер бұрынғы аккредитациямен ол редакцияда жұмыс істемесе де, шараларға барып жүрген. Сондықтан кейбір редакциялар ұсыныс жасады. Жылына бір рет келісім шартты көрсетуді ұсынды. Егер шынымен бір редакцияда жұмыс істесеңіз бұл шарттан не үшін қорқасыздар? - деді министр Азаттық тілшісіне.

13 ақпанда Нормативтік құқықтық актілер электрондық базасында жарияланған бұйрық жобасында министрліктің 2013 жылғы маусымдағы "журналистерді аккредитациялау қағидаларын бекіту туралы" №138 бұйрығына бірқатар толықтыру енгізу қарастырылған.

Құжат жобасы бойынша, іс-шарадан хабар дайындайтын журналист аккредитация беруші мекемеге жеке бас куәлігінің көшірмесін тапсырып, мекеменің ішкі тәртібін сақтауға және модератор белгілеген регламенттің сақталуына жазбаша келісім беруі және журналист пен БАҚ арасындағы келісім-шарттық қарым-қатынастың барын растайтын құжат көшірмесін ұсынуы тиіс.

Оқи отырыңыз: Аккредитация алу ережесін өзгерту ұсынысы сынға ұшырады

Егер тілшіде осы құжаттар жетіспеген жағдайда немесе өтiнiштiң мазмұны талаптарға сәйкес болмаса, сонымен бірге жиын, отырыстар мен басқа да іс-шаралар өтетін ғимаратта журналистерді орналастыру мүмкіндігі болмаған жағдайда мекеме журналисті тіркеуден бас тартуы мүмкін екені айтылған.

"Құжат жобасында тіркеген органның ішкі тәртібін және модератор регламентін бұзған журналисті тіркеуден айыру туралы шешім қабылдануы мүмкін" деп жазылған. Бұл ұсынысты қоғамдық талқылау 27 ақпанға дейін созылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG