Accessibility links

Үлескерлер мен белсенділер Сырым Әбдірахмановты босатуды талап етті


Сырым Әбдірахмановты босатуды талап еткен үлескерлер мен белсенділердің жиыны. Астана, 20 ақпан 2018 жыл.
Сырым Әбдірахмановты босатуды талап еткен үлескерлер мен белсенділердің жиыны. Астана, 20 ақпан 2018 жыл.

20 ақпанда Астанада үлескерлер мен азаматтық белсенділер қамауда отырған Сырым Әбдірахмановтың өміріне алаңдаушылық білдіріп, баспасөз мәслихатын өткізді. Жиынға Сырым Әбдірахманов құқықтарын қорғаған үлескерлер мен туыстары қатысты.

Жиында адвокат Валерий Садықов Сырым Әбдірахмановқа түрмеде қысым жасалғанын мәлімдеді.

Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушы "Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының" жетекшісі Зәуреш Батталова "Сырым Әбдірахманов Астана қаласындағы тұрғын үй құрылысына қатысты жемқорлық әрекеттерді ашудағы белсенділігі мен үлескерлердің құқығын қорғағаны үшін қудаланып отыр" деп айтты.

- Біз мағынасы жоқ бұл істі дереу тоқтатып, Сырым Әбдірахмановты босатуды талап етеміз, - деді ол жиында.

Астаналық белсенді, тіркелмеген "Алаш" халықтық социал-демократиялық партиясының жетекшісі Сырым Әбдірахманов былтыр желтоқсан айында қамауға алынған.

Ұсталған сәтте оның үстінен "Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату", "Билік өкіліне күш қолдану", "Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасау", "Билік өкілін қорлау" баптары бойынша іс қозғалған. Ал адвокаты Төлеген Шаиковтың айтуынша, қазір Әбдірахмановқа тек "Билік өкілін қорлау" және "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" баптары бойынша айып тағылған.

Белсендінің үстінен бұрын Астана қаласы әкімінің орынбасары болған, 7 ақпанда президент іс басқармасы төрағасының орынбасарлығына тағайындалған Сергей Хорошун арызданған. Шенеунік белсендіні өзіне қатысты “жалған ақпарат таратты” деп айыптаған еді. Бұл айып бойынша іс тоқтатылған. Әбдірахманов өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG