Қазақстан парламенті сенатының депутаты Дариға Назарбаева "журналистерді шараларға қатыстыру ережесін өзгерту туралы таяуда жарияланған бұйрық жобасы Ақпарат министрлігі мен журналистер ортақ мәмілеге келген соң ғана қабылданады" деді.
Ақпанның 13-күні жарияланған әлі жобада министрліктің 2013 жылғы маусымдағы "журналистерді аккредитациялау қағидаларын бекіту туралы" №138 бұйрығына бірқатар толықтыру енгізу қарастырылған. Бұл ұсыныс журналистер мен белсенділер сынына ұшыраған.
Назарбаева министрлік пен "бұл ұсыныс тілшілер жұмысын қиындатады" деген журналистер позициясын мұқият қарап шыққанын айтты.
Сенат депутаты "журналистер қандай да бір шараға қатысуға өтініш жібергенде жұмыс орнының келісімшартын жіберуі керек деген министрлік талабын құп көретінін" айтты.
- Естуімше, журналист жұмыс орнынан шығып кетсе де, тиісті органдарға оның қызметінен кеткені туралы хабарланбайды. Мұндай [талап], әрине, қауіпсіздік үшін қажет. Әлемде терроризм актуалды мәселе екені рас, - деді ол.
Дариға Назарбаева терроризм қаупінің журналистерді аккредитациялау ережесіне қандай қатысы барын түсіндірген жоқ.
Оқи отырыңыз: Аккредитация алу ережесін өзгертудің салдары қандай?
Құжат жобасы бойынша, іс-шарадан хабар дайындайтын журналист аккредитация беруші мекемеге жеке бас куәлігінің көшірмесін тапсырып, мекеменің ішкі тәртібін және модератор бекіткен регламентті сақтауға жазбаша келісім беруі тиіс.
Абаев бұл өзгерісті "қатаңдату емес, бір жүйеге келтіру" деп атаған.
ПІКІРЛЕР