Пәкістан 1 наурызда Үндістан әскери-әуе күштерінің ұшқышын босатпақ. Үндістандық ұшқыш бірнеше күн бұрын пәкістандық әскерилер атып түсірген Үндістанның екі әскери ұшағының бірінен катапульт көмегімен секіріп үлгергеннен кейін қамауға алынған.
28 ақпанда парламентте сөйлеген сөзінде Пәкістан премьер-министрі Имран Хан үндістандық ұшқышты "бейбітшілікті қалайтынымыздың белгісі ретінде" босататындарын айтты.
27 ақпанда Пәкістан Үндістан әскери әуе күштерінің екі ұшағын атып түсіргенін хабарлады. Пәкістан билігі оны "елдің әуе кеңістігін бұзған Үндістан әскери күшіне берілген жауап" деп атаған.
Үндістан Кашмирде 14 ақпанда болған терактіден соң Пәкістан аумағындағы радикал исламшылдар лагерьлері деген күдікті нысандарға әуе шабуылын жасаған. Осыдан кейін көрші елдің арасындағы жағдай ушығып кетті. Үндістан ішкі істер әскерінің 40 сарбазын мерт қылған Кашмирдегі терактіге жауапкершілікті "Джаиш-е-Мұхаммад" ұйымы алған. Пәкістан әуе шабуылы жасалған ауданда терроршылар лагері жоқ деп мәлімдеді.
Пәкістан өз әуе кеңістігі арқылы әуелі жүк таситын ұшақтардың өтуіне тыйым салды, кейін жолаушы ұшақтарына да рұқсат бермей қойды. Тыйым 1 наурызға дейін күшінде. Ол Еуропадан Оңтүстік және Шығыс Азия елдеріне ұшатын жүздеген рейске кесірін тигізді.
АҚШ пен өзге елдер Үндістан мен Пәкістанды өзара келісімге келуге шақырды. Қазақстан да екі тарапты сабырлық танытып, халықаралық құқық нормаларын сақтауға шақырған.
ПІКІРЛЕР