Cенбі, 2 наурызда Берлинде шамамен 3,5 мың адам Еуроодақтағы авторлық құқық реформасы мен интернетке жүктелген ақпаратты құқықтық тұрғыда тексеруге мүмкіндік беретін (upload-filter) технологияға қарсы шеруге шықты.
Одақ көлемінде жоспарланып отырған реформа Youtube сияқты коммерциялық платформа қолданушыларының авторлық құқық бойынша міндеттерін қатайтуды көздейді. Сыншылардың пікірінше, егер мұндай өзгеріс енгізілсе, қолданушылардың плафтормаларды пайдалану мүмкіндіктері шектелуі мүмкін. Мысалы, жаңалықтардан алынған үзінділерді пайдаланған қолданушы контенті "заңсыз" болып кетуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде интернетте пікір алуандығын шектейді деп санайды реформаға қарсы белсенділер.
2016 жылы Еуропа комиссиясы авторлық құқық туралы заңды жаңа цифрлық талаптарға сәйкестендіру үшін жаңа ережелер енгізуді ұсынған. Ол кезде құқық иелерінің еңбегіне орынды баға бекіту қажеттігі туралы айтылған.
Қазір енгізілейін деп отырған жаңа ережелер платформа иелерінен сайтта біреудің еңбегін рұқсатсыз пайдаланбауға кепілдік беруді талап етеді. Белсенділер алдағы уақытта одақ көлемінде наразылық шарасын өткізуді жоспарлап отыр.
ПІКІРЛЕР