Accessibility links

AI Астананы бейбіт жиын өткізу құқығын құрметтеуге шақырды


Арнайы жасақ сарбаздары "Нұр Отан" партиясы кеңсесі алдына келген азаматтарды ұстап жатыр. Алматы, 27 ақпан 2019 жыл.
Арнайы жасақ сарбаздары "Нұр Отан" партиясы кеңсесі алдына келген азаматтарды ұстап жатыр. Алматы, 27 ақпан 2019 жыл.

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда 27 ақпанда көшеден адамдарды жаппай ұстауды айыптап, Астананы азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын құрметтеуге шақырды.

4 наурызда таратқан мәлімдемесінде AI билік партиясы съезі өткен 27 ақпанда Қазақстан қалаларында жүздеген бейбіт тұрғынның негізсіз ұсталғаны айтылған. Әсіресе Алматы мен Астанада көп адам ұсталды дейді халықаралық ұйым.

"Қазақстан билігі бейбіт жиындар өткізу құқығын қорғау жөнінде алған міндеттемелерін орындамайтынын, осы құқықтарын пайдалануға тырысқандарды қатаң түрде қудалайтынын тағы да көрсетті" деп мәлімдеді ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Хеза Макгилл.

Amnesty International Қазақстанда полицияның бейбіт демонстранттарға күш қолданғанын, кейде көшеде өз бетімен кетіп бара жатқан адамдарды ұстап әкеткенін айтады. Құқық қорғаушылардың дерегінше, Алматыда 100-ге жуық адам ұсталған. Мәлімдемеде оқиғаны бақылауға барған қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюро қызметкері Дмитрий Тихоновтың ұсталғаны айтылған. Оның сөзінше, жиналған адамдарда ешқандай ұран, жазу болмаған. Тихонов полиция ұсталған адамдардан қылмыстық процестің куәгері ретінде жауап алып, сот "экстремистік ұйым" деп тыйым салған тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы туралы ой-пікірін білгеннен кейін босатқанын айтады.

"Қазақстан билігі бейбіт митингілер өткізу құқығы сақталуын іс жүзінде қамтамасыз ету үшін заңға өзгеріс енгізуі керек. Және ол құқықтарды іс жүзінде толық құрметтеуі тиіс. Бұған қоса, 27 ақпанда негізсіз ұсталғандардың барлығына өтем жасалуы керек, ал адам құқықтарын бұзуға қатысы бар полиция қызметкерлері мен өзге ресми тұлғалар жауапкершілікке тартылуы тиіс" деп мәлімдеді Хеза Макгилл.

Оқи отырыңыз: "Нұр Отан" съезі күні полиция азаматтарды ұстады

27 ақпан, Астанада "Нұр Отан" партиясы съезі ашылған күні Қазақстанның бірнеше қаласында билік партиясына талаптарын жеткізбек болған адамдарды полиция ұстап әкеткен. Қазақстан заңы бойынша, азаматтар бейбіт шеру, жиын өткізу үшін жергілікті атқарушы биліктен рұқсат алуы тиіс. Көбіне жергілікті билік орындары түрлі сылтауды алға тартып, митингі өткізу туралы өтініштерді қанағаттандырмайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG