Accessibility links

Украина президенттігіне кандидатты "сатып алмақ болған"


Украина президенттігіне кандидат, "Батькивщина" партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко. 7 наурыз 2019 жыл.
Украина президенттігіне кандидат, "Батькивщина" партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко. 7 наурыз 2019 жыл.

Украина бас прокуратурасының хабарлауынша, елдегі президент сайлауына өз-өзін кандидат ретінде ұсынған Юрий Тимошенконы сатып алмақ болған адам анықталған.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Юрий Тимошенконы сатып алмақ болған адам - "Батькивщина" партиясының мүшесі Валерий Дубиль.

Прокуратураның дерегінше, Дубиль өзімен партиялас кандидат Юлия Тимошенко мен Юрий Тимошенконың аты-жөні ұқсас болғандықтан Юрий Тимошенкоға пара беріп, сайлауға қатысудан бас тартқызбақ болған.

Осы іске қатысты тағы екі адам ұсталған. Олардың бірі - "Украинаны қорғаушылар партиясының" төрағасы Тарас Костанчук. Тергеу мәліметі бойынша, ол Юрий Тимошенкоға шамамен 200 мың доллар ұсынған. Ал Костанчук бұл әрекетті "арандату" деді және Юрий Тимошенко "жасанды кандидат болудан шаршадым" деп өзі ақша сұрағанын айтқан.

"Батькивщина" партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко да ұстауларды "арандату" деп атады және сайлау бюллетенінен Юрий Тимошенконың есімін алып тастауды талап етті. Ол өзімен аты-жөні ұқсас жазылатын Юрий Тимошенконың тізімге кіруін "дауыс берушілерді шатастыру үшін жасалған әрекет" деген.

Украинада президент сайлауы 31 наурызда өтеді. Сайлауға 40 кандидат тіркелген. Олардың арасында қазіргі президенті Петр Порошенко да бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG