Accessibility links

Партия құрмақ болған алматылық кәсіпкерді полиция шақырды


Санавар Закирова.
Санавар Закирова.

Саяси партия құрмақ болған алматылық кәсіпкер Санавар Закированы 8 наурыз кешкі сағат 21.30-да Алматы қаласы Бостандық ауданы полиция бөлімшесіне шақыртқан. Бұл туралы Азаттыққа кәсіпкердің өзі хабарлады.

Закирова 9 наурызда Алматыда партияның құрылтай съезін өткізбек болған. Кәсіпкердің сөзінше, полиция бөлімшесінде онымен Бостандық аудандық прокурорының орынбасары Дәулет Есдәулетов пен Алматы қаласы қоғамдық даму басқарамасы басшысының орынбасары Бауыржан Түлбеков сөйлескен. Олар Закировадан әлеуметтік желіге съездің болмайтынын жариялап, хабарлама жазуды "сұраған".

"Егер съезд өткізсем, мені рұқсат етілмеген жиын ұйымдастырды деп жауапқа тартатындарын айтты. Журналистерден кімдерді шақырғанымды сұрады" деді Закирова Азаттыққа.

Закировамен өткен кездесу туралы Алматы прокуратурасы мен қала әкімдігінен пікір алу мүмкін болмады. Ал Бостандық ауданы полиция бөлімшесінің кезекшісі Азаттыққа Санавар Закированың полицияда болғанын растады және оның кешкі сағат он жарымда шығып кеткенін айтты.

Кейін Закирова Facebook желісіне пост жариялап, жоспардың өзгергенін жазды. Оның жазуынша, "съезд үшін бір ай бұрын ақшасын төлеп, брондап қойған" мейрамхананың иелері жарық жоқ екенін айтқан.

"Наше право" партиясының съезі туралы ақпарат ақпанда мемлекеттік "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған еді. Закирова Facebook желісі арқылы әлі тіркелмеген партияның "бағдарламасын" таратқан. Онда елдегі билікті президенттіктен парламенттікке ауыстыру; полиция, сот, прокуратураға реформа жасау; тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету туралы жазылған еді.

Қазақстан заңына сай, партия құрғысы келгендер алдымен құрылтай жиналысын өткізуі тиіс. Оған кем дегенде мың адам қатысуы керек. Саяси партияны тіркеу үшін оның құрамында 40 мың мүше болуы шарт.

Қазір Қазақстанда алты партия тіркелген. Олардың үшеуі - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан", билікке жақын "Ақ жол" және Коммунистік халық партиясының парламентте орны бар.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG