Ресейдің Красноярск қаласында өтіп жатқан Универсиадада (екі жылда бір рет өтетін студенттер арасындағы жарыс) қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасында күміс медаль иеленді.
Ол қысқа және негізгі бағдарлама қорытындысы бойынша 214,77 ұпай жинаған. Бұл - спортшының жеке рекорды.
Мәнерлеп сырғанаудан алтын медальді жапониялық Маи Михара (220,68), қола медальді ресейлік Станислава Константинова (205,91) алды. Осы жарыста 124,41 ұпай жинаған қазақстандық тағы бір спортшы Айза Мамбекова 17-орынды иеленді.
Тұрсынбаева ақпанның ортасында АҚШ-та өткен Төрт құрлық чемпионатында 207 ұпаймен күміс медаль алған еді.
Тұрсынбаева 2016 жылы жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарында, 2017 жылғы қысқы Азия ойындарында қола иеленген.
Тұрсынбаеваны 2018 жылға дейін канадалық маман Брайан Орсер жаттықтырған. Ал 2018 жылдың жазында ол ресейлік жаттықтырушы Этери Тутберидзенің командасына ауысқан. Қазір Мәскеуде жаттығады.
ПІКІРЛЕР