Ирандық құқық қорғаушысы, заңгер Насрин Сотуде "билікке қарсы шықты" және "аятолла Әли Хаменеиді қорлады" деп айыпталып, жеті жылға сотталды. Бұл туралы 11 наурызда Иран басылымдары хабарлады.
Адвокаттардың айтуынша, үкім шыққан сот отырысына Сотуде қатыспаған және сот шешімі қашан шыққаны белгісіз. Құқық қорғаушы 2018 жылы маусымда ұсталған. АҚШ және Еуропарламент Сотуденің ұсталуын сөгіп, Тегераннан заңгерді босатуды талап еткен.
Сотуде 2018 жылы жұрт алдында орамалдарын шешкен бірнеше әйелдің құқығын қорғаған. Ол 2012 жылы Еуропа парламенті тағайындаған Сахаров сыйлығын алған.
Иранда 2009 жылы билікке қарсы толқулардан соң сотқа тартылған оппозиционерлерді қорғаған Сотуде 2010 жылы "ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірді" деген және тағы басқа айыптар бойынша сотталып, түрмеге қамалған. Ол 2013 жылы қамаудан босатылған.
Сотуденің ері Реза Хандан қауіпсіздік мәселесіне қатысты алты жылға сотталғаны хабарланған.
ПІКІРЛЕР