Астанаға 11 наурызда сағат 23.50-де Үндістан астанасы Нью-Делиден ұшақпен келген азаматтың тырысқақ ауруына шалдыққаны расталмады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап, қазақстандық БАҚ хабарлады.
Министрлік мәліметінше, "тырысқаққа шалдыққан" деген болжаммен бақылауға алынған азаматтың тамақтан уланғаны анықталған. Ақпаратта Украина азаматының ауруханаға жатудан бас тартқаны айтылған.
11 наурызда түнде Air Astana компаниясының агенті "Үндістаннан келген ұшақта тырысқаққа шалдыққан адам болуы мүмкін" деп хабарлаған.
Министрліктің хабарлауынша, мұнан соң ұшақта науқасқа жеке әжетхана бөлініп, оның өзге 135 жолаушымен қатынасын "барынша азайтуға тырысқан". "Әуежайда азаматтарды тіркеп, дәрігерлер қарауы үшін арнаулы орындар дайындалды. [Аурудың] қандай да бір белгісі болған жағдайда жолаушылар тексеруге жіберіледі" деп хабарлаған министрлік.
Тырысқақ – ағзаға Vibrio cholerae бактериясы бар сумен не тамақпен енген соң пайда болатын ішек инфекциясы. Дер кезінде ем алмаған адамның өміріне қауіп төнуі мүмкін.
ПІКІРЛЕР