Тараздағы жарылыс болған көп қабатты үй жөнделеді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов мәлімдеді.
Жанбосынов "мамандар көп қабатты тұрғын үйдің тек 3 және 4-подъездеріне зақым келген деп отыр. Басқа бөлігі бүтін. Осы екі подъезд сейсмикалық талаптарға сай күшейтіліп, жөнделеді" дейді.
Биыл 27 ақпанда Таразда көп қабатты тұрғын үйде болған жарылыстан 3 адам мерт болып, 6 адам жараланған. Куәгерлер бейнежазбасынан үйдің бір бөлігінің қирағанын байқауға болады.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова "118 адамнан жауап алынды. Жарылыстан кейін ауруханаға түскен 6 адамның 4-і сауығып, үйлеріне жіберілді. Ал 65 және 32 жастағы науқастардың жағдайы ауыр. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр" дейді.
Мұхтарқұлованың сөзінше, жарылыс себебі әзірге белгісіз. Алайда ол "жарылыс болған пәтерлерден газ құбырлары, газ плитасымен қосатын шлангтер алынғанын" айтады.
11 наурызда БАҚ-та "Тараздағы жарылыс болған үй тұрғындары "Тұрғын үйді жаңғырту" бағдарламасы бойынша берешектерін өтемейтін болды. Олардың баспанасын жөндетуге жасаған 40 миллион теңгелік келісім-шарттары күшін жояды" деген ақпарат шыққан.
ПІКІРЛЕР