Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Лу Канг 11 наурызда Reuters ақпарат агенттігіне Қазақстанда істі болған Серікжан Біләш туралы пікір білдірді.
"Біз оның (Біләштің - ред.) Қытайда да қарызы болғанын анықтадық. Мұндай адамдар теріс пиғылмен түрлі мәселе ойлап тауып, шу шығарады. Ондай істер түсіндіруді қажет етпейді" деген Лу Канг.
Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Біләштің нақты қандай шу шығарып, Қытайда кімге, қанша қарызы барын ашып айтпады.
Серікжан Біләш Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туған. Кейін тарихи отаны Қазақстанға оралып, осы елдің азаматтығын алған. Ол Алматыда "Атажұрт еріктілері" ұйымын құрып, Шыңжаңда қамалған қазақтар мәселесін көтеріп жүрген.
10 наурызда Қазақстан полициясы Біләшті Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде ұстап, Астанаға алып кеткен. Ол "ұлтаралық араздықты қоздырған" деген күдікке ілінген. 11 наурызда Астана тергеу соты белсендіні уақытша ұстау орнынан босатып, екі ай үйқамаққа алған. 12 наурызда Астана прокуратурасы Біләштің "азаматтарды "жиһадқа" - этникалық қытайларға қарсы соғысқа шақырғаны" себепті ұсталғанын хабарлады.
ПІКІРЛЕР