Accessibility links

Денис Тен өліміне айыпталғандардың апелляциялық шағымы қаралды


Денис Тен өлімі бойынша алдын ала сот тыңдауы. Алматы, 25 желтоқсан 2018 жыл.
Денис Тен өлімі бойынша алдын ала сот тыңдауы. Алматы, 25 желтоқсан 2018 жыл.

13 наурызда Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы спортшы Денис Тенді өлтірді деп айыпталғандар - Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаеваның апелляциялық шағымын қарады.

Айыпталушылар соттан жазаны жеңілдетуді сұраған. Апелляциялық сот 4 жылға бас бостандығынан айырылған Жанар Толыбаеваны қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінен қауіпсіздігі ең төмен түзету мекемесіне (қоныс колониясына) ауыстырды. Сотта Толыбаеваның 6 наурызда ұлды болғаны айтылды. Ал 18 жылға сотталған Құдайбергенов пен Қиясовтың үкімі өзгеріссіз қалды.

17 қаңтарда Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты спортшы Денис Теннің өліміне байланысты айыпталған Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты - 18 жылға, Жанар Толыбаеваны 4 жылға бас бостандығынан айырған.

​Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновке Қылмыстық кодекстің "қарақшылық" және "адам өлтіру" баптары бойынша айып тағылған. Ал Жанар Толыбаева "қылмысты хабарламау" айыбы бойынша күдікке ілінген.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда ауруханада қайтыс болған. Көшеде тұрған автокөлігінің айнасын ұрлағандарды тоқтатпақ болған спортшыны екі адам пышақтап кеткен. Кейін бұл оқиға бойынша Құдайбергенов, Қиясов және Толыбаева ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG