Accessibility links

"Назарбаев режимі азаматтардың бостандығын шектеп отыр"


"Билікте ұзақ отырған динозаврлармен жұмыс істеуді тоқтатуымыз керек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:42 0:00

Билікте ұзақ отырған "динозаврлармен" жұмыс істеуді тоқтатуымыз керек!

14 наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтары мәселесі туралы резолюция қабылдады. Депутаттар елдегі адам құқығы жағдайының нашарлап бара жатқанына алаңдайды.

"БИЛІК БАСЫНДА ҰЗАҚ ОТЫРҒАН ДИНОЗАВРЛАР..."

Страсбургте (Франция) өткен Еуропарламент отырысында депутаттар резолюция қабылдамас бұрын, Қазақстандағы адам құқығы жайлы ойларын ортаға салды.

Депутаттардың көбі Астана Еуропа одағы мен Қазақстан қол қойған кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шарттарын орындамай отырғанын сынады.

Резолюция авторларының бірі, ALDE партиясының өкілі Хайди Хаутала "Қазақстанда адам құқығының жағдайы жыл сайын нашарлап барады. Еуропа одағы тез арада шара қолдануы тиіс" деді.

Резолюцияны ұсынғандардың бірі, депутат Вольф Клинцтің айтуынша, "Қазақстан мен ЕО арасындағы келісімге үш жылдан асса да, Қазақстандағы адам құқығы жағдайы жақсармай тұр. Кейбір салаларда жағдай нашарлай түскен".

"Адамдарды түрмеге қамайды, қинайды. Елде сөз бостандығы жоқ. Билік саяси қарсыластарын қудалайды" деді ол.

Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге 2016 жылы қол қойған. Бүгінге дейін Еуропа одағына мүше 26 ел бұл құжатты ратификациялаған. Италия мен Голландия әлі мақұлдамады. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл келісімді 2016 жылы наурызда ратификациялады. Қазақстан – Еуропа одағымен келісімге қол қойған Орталық Азиядағы жалғыз ел.​

Резолюция авторларының бірі Марк Демесмакердің сөзінше, адам құқығы мен демократия –бұл келісімнің негізгі бөлігі. Ол "Назарбаев режимі елдегі азаматтардың бостандығын шектеп отыр" деп сынады. Депутаттың пайымдауынша, елдегі қудалау, түрмедегі азаптау жайлы қайта-қайта айтылса да, "нәтиже жоқ".

Депутат Гельмут Шольц Қазақстанда билікті сынағандарды "экстремист" деп айыптап, қудалайтынын айтты.

Еуропарламент мүшесі Фабио Масимо Касталдо өз сөзінде "Қазақстан адам құқығын сақтай алмаса, Еуропа одағы үшін келісімнің қандай маңызы бар?" деп депутаттарға сұрақ қойды. Касталдо елдегі режимде "репрессия басым" деп, Қазақстанда ЛГБТ өкілдері, журналистер және бейбіт митингіге шыққандар қудаланатынын атап көрсетті.

Полиция қызметкерлері алаңға келген адамды әкетіп бара жатыр. Алматы, 23 маусым 2018 жыл.
Полиция қызметкерлері алаңға келген адамды әкетіп бара жатыр. Алматы, 23 маусым 2018 жыл.

Депутат Хосе Игнасио Зукариа "Қазақстан пост советтік елдер ішінен бірінші болып БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болды. Бірақ өз азаматтарының қауіпсіздігін сақтай алмай отыр" деді. Ол Қазақстанда діни қудалау барын баса айтты.

Депутат Ана Гомеш 2018 жылы Қазақстанға барған сапарында өзімен сөйлескісі келген азаматтарды полиция ұстағанын айтты. Ол Қазақстанда жеке басқа табыну күшейгеніне алаңдайды.

"Біз билік басында ұзақ отырған динозаврлармен жұмыс істеуді тоқтатуымыз керек" деді ол.

Еуропарламент депутаты Натан Джил Қазақстаннан гөрі Еуропа одағы өзіне жақын орналасқан, алдағы уақытта одаққа кіруге мүмкіндігі бар елдерге көмектесу керектігін жеткізді.

РЕЗОЛЮЦИЯДА НЕ АЙТЫЛҒАН?

Ашық талқыға түскен Қазақстан туралы резолюцияда Еуропарламент Астанаға адам құқықтарын жақсарту үшін 15 ұсыныс айтады. Құжатта Қазақстандағы адам құқықтары жайлы айтылған негізгі мәселелер мыналар:

  • Қазақстан Қылмыстық кодексінің 174 және 274-баптарын (ұлтаралық араздық қоздыру және жалған ақпарат тарату) қолдану арқылы белсенділер мен журналистерді қудалайды. Қазақстан билігі бұл баптарды өзгерткісі келмейді.
  • Қазақстанда саяси тұтқындардың саны артқан.
  • Елде тәуелсіз кәсіподақтардың құқығы бұзылады.
  • Шетелден гранттар алатын үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына кедергі көп.
  • Қазақстанда діни бостандық шектелген. Елде діни себеппен жазаланғандар көп.
  • 2018 жылы Қазақстан билігі БАҚ жұмысына көп шектеу қойған заңды қабылдады. Елде әлеуметтік желілер жиі бұғатталады.
  • Әйелдерді зорлау үйреншікті жағдайға айналған. Елде патриархат нормалары үстемдік құрады.
  • ЛГБТ өкілдеріне қысым көп. Олар елде заң жағынан жиі кедергіге тап болады.

Резолюцияда тәуелсіз кәсіподақ белсенділері Нұрбек Құшақбаевтың, Әмин Елеусіновтің, Лариса Харькованың, белсенділер Ардақ Әшім, Макс Боқаев, Ескендір Ерімбетов, Елена Семенова, Абловас Жұмаевтың есімдері аталады.

Еуропарламент Қазақстан билігінен құқық қорғаушылар мен тәуелсіз кәсіподақ ұйымдарына қысымды тоқтатуды, БАҚ туралы заңды қайта қарауды, әйелдер құқығын қорғауды, ЛГБТ өкілдерін қудалауды тоқтатуды, демократия құндылықтарын бағалауды талап етті.

Еуропарламент қамауда отырған Мұхтар Жәкішевті, Макс Боқаевты, Ескендір Ерімбетовті, Сәкен Түлбаевты, Махамбет Әбжанды, Санат Бөкеновті босату керектігін айтты.

13 наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті де өз есебінде Қазақстандағы адам құқығы жайын сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG