15 наурызда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Крайстчерч қаласындағы екі мешітте болған қайғылы оқиғаға байланысты Жаңа Зеландияның генерал-губернаторы Пэтси Реддиге көңіл айту жеделхатын жолдады деп хабарлады Ақорда сайты. Жұма күні болған шабуылдан 49 адам көз жұмған.
"Біз жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қатер төндіретін терроризм мен экстремизмнің кез келген түрін қатаң айыптаймыз. Қазақстан елдеріміздің бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне қарсы ынтымақтастықты жалғастыруға әрқашан дайын" делінген жеделхатта.
Әлем елдерінің жетекшілері кешеден бері Жаңа Зеландия халқына көңіл айтып, екі мешіттегі шабуылды айыптап жатыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп оқиғаны "қанды қырғын" деп атап, АҚШ-тың Жаңа Зеландияға қолынан келгенше көмектесетінін жеткізген.
Ресей президенті Владимир Путин бейбіт тұрғындарға жасалған зұлымдықты айыптап, "қылмыс жасағандар қажетті жазасын алар деп үміттенем" деп айтқан.
Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй "қанды қырғыннан зардап шеккендердің қайғысына ортақтасып", тұтас корольдық атынан көңіл айтқан.
Түркия президенті Режеп Ердоған шабуылды "нәсілшілдік пен исламофобия тамыр жаюының көрінісі болып есептелетін жиіркенішті әрекет" деп атап, қатаң айыптаған.
Әлемдік мұсылман қауымдастықтары жұмадан бері наразылық акциясына шығып, Крайстчерчтегі оқиғаны айыптаған. Сондай наразылықтардың бірі Үндістанның Мумбаи, Пәкістандағы Карачи, Бангладеш астанасы Даккада өткен. Австралия мен Ұлыбритания жалауларын түсіріп, қаза тапқандарды еске алған.
15 наурызда Жаңа Зеландиядағы екі мешітке жасалған шабуылдан 49 адам қаза тауып, 20 адам жараланған.
Оқиғаға байланысты төрт азамат ұсталып, олардың біріне айып тағылған. Алдын ала дерек бойынша айыпталушының есімі - Брендон Таррант. Оның ультраұлтшыл қозғалыстарға қатысы болуы мүмкін. Қалған үш адам "заңсыз қару-жарақ сақтады" деген күдікке ілінген. Ел билігі оқиғаны теракт деп атады.
ПІКІРЛЕР