Жетісай ауданының тұрғыны Нұржамал Реметова бірнеше күн бұрын Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында: "Қазақ-өзбек шекарасы Қоғалы ауылына неге жақындап келеді? Шекараның шегенделгеніне жиырма жылға таяса да кенеттен шекара сызығының қазақ жеріне кіріп кетуіне не себеп болып? Осыны түсіндіріп беретін жан бар ма екен?" деп жазды.
Реметова осы аудандағы Өзбекстанмен шекаралас жатқан Қоғалы ауылындағы туысына барғанын айтады. Ол Азаттық тілшісіне ауыл тұрғындарының қазақ-өзбек шекарасының жылжығанына наразы болып жүргеніне біршама уақыт болғанын айтып берді. Нұржамал Реметованың сөзінше, Қоғалы ауылының жайылым жеріне Өзбекстан жағы жұмыс техникаларын кіргізе бастаған.
"ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТІЛЕГІ НЕГЕ ЕСКЕРІЛМЕЙДІ?"
Азаттық Қоғалы ауылының бірнеше тұрғынымен және жергілікті әкімдік өкілдерімен сөйлесіп, мән-жайды анықтауға тырысты. Ауыл тұрғындары "жайылымның бір бөлігі мен көлдің Өзбекстанға берілуіне" келіскісі келмейді. Қоғалы ауылының мал дәрігері Дүйсенбек Қалдыбаевтың айтуынша, 2004-2007 жылдар шамасында Қазақстан мен Өзбекстан шекарасы бекітілгенде Қоғалы ауылы бұрыннан пайдаланған мыңнан астам гектар жер Өзбекстанға өткен.
- Ол кезде ауыл тұрғындарының іші ашыса да, түсіністікпен қарады. Өзбекстан 2007 жылы, Қазақстан 2010 жылы шекара сымын тартты. Іс сонымен бітті деп ойлағанбыз. Сөйтсек 2016 жылы "тағы да жер берілетін болды" деген хабар шықты. Халық шулап, көтеріле бастаған соң тоқтап қалған сияқты көрінген, - дейді ол.
Дүйсенбек Қалдыбаевтың сөзінше, соңғы кездері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара ортасындағы бейтарап аймақ Өзбекстан иелігіне өткені байқалған. Ол жерді Өзбекстан дереу игеріп, жол салуға кіріскен. Қазақстан шекара бағандарын кей тұстарда ондаған метрге, кейде сексен метрдей ішкері жылжыта бастаған. Ауыл тұрғындары бәрінен бұрын шекараға іргелес жатқан Қоғалы көлі де Өзбекстанға өтіп кете ме деп қауіптенеді.
- Екі жүзге жуық үйі бар Қоғалы – бұрыннан мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан ауыл. Қоғалы көлі – қалай болса солай жатқан қорыс емес, малымыз су ішетін көз. Онсыз шаруашылығымыз шатқаяқтайды. Шамамен 20 шақты гектар көлдің табиғаты да тамаша. Қонақ келсе де сонда апарып қыдыртатын демалыс орны, - дейді Дүйсенбек Қалдыбаев.
Қоғалы тұрғындарының сөзінше, "Өзбекстанға тағы да жер беріледі" деген хабар шыққалы ауыл тұрғындары бірнеше рет наразылық танытқан. Алғаш рет 2017 жылы Өзбекстан техникалары жұмыс істей бастағанда тұрғындар жиналып, тоқтатуды талап еткен. "Көп адам жиналған соң" шекара басшылары мен аудан жетекшілері халықпен кездескен.
Дүйсенбек Қалдыбаевтың айтуынша, биылғы қаңтар мен ақпан айларында Қоғалы тұрғындары тағы да наразылық білдіре бастаған соң аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев халықпен кездесуге келген. Ол "әкім қызметіне жаңадан келгенін, жер мәселесі өзі келгенге дейін шешілгенін, шекара бойымен 5-10 метр жер берілетінін, Қоғалы көлі Қазақстанда қалатынын" айтқан. Тұрғындар әкіммен кездесу мен ондағы айтылған сөзді видеоға түсіруге ҰҚҚ өкілдері рұқсат бермегенін айтты.
Қоғалы ауылының Азаттық тілшісі сөйлескен тағы бір тұрғыны Перде Әлімова – "жер беруге" қарсылардың бірі. Көп балалы "Батыр ана" өмір бойы жергілікті кәсіподақ басшысы болғанын, заңды да жақсы білетінін айтады.
Бізге 30 сотығын әрең қиятын үкімет жерді Өзбекстанға бергені қалай? Шекарашылар заңға сай жұмыс істейміз деді. Ондай заңдарыңызды көргіміз де келмейді, жерімізді бермейміз дедік.
Ол Өзбекстан техникалары жұмыс істей бастағанда Қоғалы тұрғындары жаппай барып, шекарашылармен және әкімдік қызметкерлерімен сөйлескенін көрген.
- Жүздеген адам бардық, үлкен шу болды. Бізге 30 сотығын әрең қиятын үкімет жерді Өзбекстанға бергені қалай? Шекарашылар заңға сай жұмыс істейміз деді. Ондай заңдарыңызды көргіміз де келмейді, жерімізді бермейміз дедік. Аудан басшылығы жоғары жаққа сілтеді. Жоғарғы жақ жергілікті тұрғындардың тілегін неге ескермейді? - дейді ол.
Перде Әлімованың сөзінше, ауылдағы наразылық жергілікті биліктің түрлі уәдесімен әзірге басылып тұрғанымен, "ашулы жастар көп".
- Осы жерде аяқ астынан үлкен қақтығыс туып кетсе, таңғалуға болмайды, - дейді ол.
"ЖЕР АЛМАСУ ДЕГЕН ДҰРЫС БОЛАР"
Азаттық тілшісі Қоғалы ауылының тұрғындары жер дауы жайлы WhatsApp мессенджері арқылы жіберген видеоларды қарап шықты. Видеода ондаған тұрғынның шекарашылармен және аудан басшылығының өкілімен ашу-ызамен сөйлескені көрінеді. Өзін "шекара қызметінің басшысымын" деп таныстырған офицер шекара сызығы заң бойынша өзгертілгенін айтады, ал аудан басшысына ұқсайтын адам наразы пікірді жоғарыға жазбаша жолдауды сұрайды.
Бұл – екі мемлекеттің келісімі. Мұны қарапайым тілмен айтқанда "жер алмасу" деген дұрыс болар.
Шекарадағы жер дауына байланысты болған жайды Азаттық тілшісіне Жетісай ауданы әкімінің кеңесшісі Айдар Сейдазым тарқатып айтуға келісті. Оның сөзінше, Қоғалы тұрғындары арасында наразы көңіл күйдің болғаны рас, жергілікті басшылық халықпен кездескен соң "бәрі де қалпына түскен". Әкім кеңесшісінің сөзінше, шекара сызығының Қазақстан аумағына қарай жылжығаны да рас.
- Бұл – екі мемлекеттің келісімі. Мұны қарапайым тілмен айтқанда "жер алмасу" деген дұрыс болар. Өйткені Қазақстан Шардарадан Жетісайға қатынайтын төте жол ашу үшін Өзбекстаннан жер алды. Қоғалыдағы шекара сызығы бойымен соның өтеуіне дәл сондай көлемде жер берді, - дейді ол.
Айдар Сейдазымның сөзінше, Шардарадан шыққан жолушы бұрын Жетісайға бару үшін 200 шақырымдай жүрсе, қазір ол 80 шақырымға қысқарған. Бұл жол туралы қазақстандық баспасөзде ақпарат жарияланған. Қазақстан төте жол салуға Өзбекстаннан 40 гектардай жер алған.
Азаттық тілшісі Қоғалы көлінің қай мемлекет аумағында қалатынын бірнеше қайтара сұрады. Айдар Сейдазымның айтуынша, шекара сызығы Қоғалы көлінің үстімен өтеді, екі мемлекеттің келісімі бойынша "көл шекара сызығымен жабылмайды", сондықтан Қоғалы тұрғындары көлді бұдан ары да "еркін пайдалана алады".
Айдар Сейдазым Қоғалы көлін "қамыс басқан шағын суат" деп сипаттайды. Оның сөзінше, жер дауын шығарып жүрген бірнеше белсенді әкімдіктен суармалы жер алғысы келеді. Жерін пайдаланбай жүргендерді әкімдік сотқа тартып, қайтарған жерді осындай белсенділерге беруі мүмкін.
"ОРДЕНДІ САПАРДЫҢ НӘТИЖЕСІ"
Айдар Сейдазым өзінің жауабы Түркістан облысының әкімдігінің халыққа қайтарған ресми жауабымен сай келетінін, Қоғалыдағы жер дауынан құқық қорғау органдары да, Астана да хабардар екенін айтты.
Азаттық тілшісі Қоғалы ауылы тұсындағы жер алмасу келісімін және көлді тең пайдалану шарттарын анықтау үшін Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хабарласты. Министрліктің баспасөз қызметі жетекшісі Айбек Смадияров телефон тұтқасын алмады. Оның кеңесшісі Лейла Әшімжанова мұндай мәселеге Айбек Смадияровтың өзі ғана жауап бере алатынын айтты.
Қоғалыдағы жер дауын Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған Нұржамал Реметованың жазбасын Жетісай ауданы әкімдігі назардан тыс қалдырмады. Ресми жауапта: "Шекара бойындағы инженерлік құрылыс жұмыстары Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы үкіметаралық демаркациялық комиссияның 2017 жылғы 15 қыркүйектегі №57 хаттамалық тапсырмасына сәйкес жүргізілген. Екі елдің үкіметтері арасындағы комиссияның шешімдеріне сәйкес, Қазақстан тарапына ешқандай нұсқан келтіретін жағдай жоқтығын хабарлаймыз" деп жазылған.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапар шегу мерзімі Жетісай ауданы әкімдігі көрсеткен датаға сай келеді. Нұрсұлтан Назарбаев осы сапарында "Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасының өткізу пункттері мен автомобиль жолдарын қайта жөндеу және жаңғырту, сондай-ақ тиісті аумақты абаттандыру жөніндегі жол картасы" деп аталатын құжатқа қол қойған. Сол кездесуде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Нұрсұлтан Назарбаевты Өзбекстан Республикасының "Ел юрт хурматы" ("Халық пен Отан құрметі") орденімен марапаттаған.
Қазақстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау ісіне 1991 жылы кіріскен. Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау процесі 2003 жылы, далалық жұмыстар 2004 жылы сәуірде басталған. 2016 жылы наурызда шекараны демаркациялау бойынша соңғы құжаттар дайындалып, бір жылдан соң Ташкентте екі елдің шекараны демаркациялау комиссиясы кездескен. Екі ел өкілдері дала жұмыстарын жүргізудің 2017 жылға арналған кестесі талқылады деп хабарланған еді.
ПІКІРЛЕР