Азия киноакадемиясы (Asian Film Awards Academy) режиссер Сергей Дворцевойдың "Айка" фильмінде басты рөлді сомдаған қазақстандық актриса Самал Еслямованы "Азияның үздік актрисасы" деп таныды. Бұл туралы Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Жаңа ғана режиссер Сергей Дворцевойдан керемет жаңалық естідім. Гонконгта Самал Еслямоваға Азия киноакадемиясының "Азияның үздік актрисасы" сыйлығы тапсырылды" деп жазды министр 17 наурызда.
Министрдің сөзінше, Asian Film Awards Academy номинанттар тізімін 11 қаңтарда белгілеген.
Азия киноакадемиясының Facebook-тегі парақшасында қазақ актрисасы Самал Еслямованың марапаттау рәсімі кезінде түсірілген суреті жарияланды.
Петропавлда туған Самал Еслямова режиссер Сергей Дворцевойдың "Айка" фильмінде ойнаған рөлі үшін өткен жылы Канн фестивалінде "Үздік әйел рөлі" номинациясының жеңімпазы атанған.
ПІКІРЛЕР