Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Маңғыстау облысындағы "Қаламқас" кенішінде наурыз айының ортасында болған апат себептері зерттеліп жатқанын хабарлады.
"ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысының аумақтық бөлімімен бірлесіп, "Қаламқас" кен орнындағы апат жағдайларын зерттеп жатыр. Сонымен бірге апат себептері мен кінәлілерді анықтау тапсырылды. Жазатайым оқиғаны тергеу барысы комитеттің бақылауында. Апат салдарын жоюмен "Si Bu" инженерлік бұрғылау компаниясы" ЖШС мердігерлік ұйымы айналысады" делінген министрліктің 24 наурыз күні таратқан хабарламасында.
Бұған дейін Маңғыстау облысындағы "Қаламқас" кенішіндегі ұңғымалардың бірінде апат болып, сыртқа газ-су қоспасы шықты деген ақпарат тараған. Оқиғаның 13 наурызда болғанын хабарлаған жергілікті экология департаменті жағдайдың жай-жапсары мен қоршаған ортаға әсерін анықтаймыз деп мәлімдеген.
"Қаламқас" кенішін барлаумен - "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ, бұрғылаумен "Si Bu" инженерлік бұрғылау компаниясы" айналысады.
Жергілікті Lada.kz сайты 22 наурызда "кеніштен шыққан қалдықтар" туралы делінген видеоны да жариялаған.
ПІКІРЛЕР