Accessibility links

АҚШ бас прокуроры: "Ресеймен құпия келісім болмаған"


АҚШ бас прокуроры Уильям Барр.
АҚШ бас прокуроры Уильям Барр.

АҚШ бас прокуроры Уильям Барр жексенбі күні заң шығарушы орган өкілдеріне жазған хатында "Ресейдің АҚШ-тағы президент сайлауына килігуі" туралы зерттеудің негізгі қорытындысымен таныстырған. Хат авторының жазуынша, зерттеу тобы президент Дональд Трамп тарабынан заң бұзу фактілерін таппаған.

Хатта "Арнайы прокурор Роберт Мюллер жетекшілік еткен тергеу тобы президент Дональд Трамп пен оның сайлауалды штабы немесе көмекшілері 2016 жылғы АҚШ-тағы президент сайлау барысына ықпал ету мақсатында өз әрекеттерін Ресеймен келісіп, үйлестіріп отырды дегенге дәлел таппады" деп жазылған.

Әділет министрлігінің наурыздың 24-і күнгі хатында Мюллер жинаған деректер "Трамп әділ сотқа кедергі жасады" дегенді дәлелдеуге жеткіліксіз екені айтылады. Бірақ бұл тұжырым Трампты "ақтай алмайды" және оған әділ сотқа кедергі жасады деп айып тағу-тақпау мәселесін бас прокурор шешуі тиіс деп жазған. Уильям Барр хатта мұндай айып тағуға негіз жоқ екенін жазған.

Мюллер зерттеуі "Ресейдің АҚШ-тағы президент сайлауына килігуі" мәселесіне байланысты екі эпизод бойынша дәлелдер тапқан: әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарату және хакерлік шабуылдар (дәл осы шабуыл кесірінен демократтар серверінен құжаттар ұрланған).

Бір жарым жылдан астам уақытқа созылған зерттеу кезінде 34 жеке тұлға мен екі заңды тұлғаға 200-ден астам айып тағылған. Олардың арасында 26 Ресей азаматы бар.

АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлауалды кампаниясында жұмыс істеген алты азаматқа айып тағылды: ұлттық қауіпсіздік бойынша президенттің бұрынғы кеңесшісі Майкл Флинн, сайлауалды штабының бұрынғы жетекшісі Пол Манафорт, президенттің бұрынғы кеңесшісі Рик Гейтс, Трамптың бұрынғы жеке адвокаты Майкл Коэн, бұрынғы кеңесшісі Роджер Стоун.

Жеті айыпталушы өздеріне тағылған айыпты толық немесе жартылай мойындады. Бесеуін сот кінәлі деп тапты. Дональд Трамптың өзі Ресеймен арада ешқандай байланысы жоғын айтып, жоққа шығарған.

Мюллердің зерттеу қорытындысы АҚШ-тың бас прокурор кеңсесіне 22 наурызда тапсырылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG