Facebook корпорациясының бір топ акционері компания негізін қалаушы әрі ірі акционері Марк Цукербергті басқарма басшысы қызметінен кетуге шақырды.
30 мамырда компания акционерлерінің жыл сайынғы жиналысы өтеді. Жиналыстан бұрын бақылаушы акционерлер АҚШ бағалы қағаздар және биржа жөніндегі комиссияға xат жолдаған. Олардың жазуынша, шешуші дауыстың жартысынан көбі компания акциясының 13 пайызына ие Цукербергке тиесілі. Хат жазғандар "Цукерберг тұтас компанияны жалғыз өзі басқарып отыр" деп, мұны "әділетсіз" санайтындарын жеткізген.
Акционерлер Цукербергті компанияның соңғы жылдары дауға қалып, биржадағы акцияларының құнсыздануына кінәлі көреді.
Қолданушылардың жеке бас деректерінің тарап кетуі, фейк жаңалықтар тарату мен ресейлік тролльдердің АҚШ президент сайлауына ықтимал араласуы сияқты Facebook айналасындағы даулар, хат жазғандар сөзінше, компания акцияларының 2018 жылдың шілдесінен бері шамамен 40 пайызға құнсыздануына әкелген.
Олар басқа ірі IT-компаниялардағы үлгімен бас директор мен директорлар кеңесін бөлуді ұсынады.
ПІКІРЛЕР