Accessibility links

Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш тапсыру қиындығын айтқан депутаттар Маминге сауал жолдады


Атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш тапсыру үшін кезекте тұрған аналар. Шымкент, 2 сәуір 2019 жыл.
Атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш тапсыру үшін кезекте тұрған аналар. Шымкент, 2 сәуір 2019 жыл.

17 сәуірде өткен Қазақстан парламенті мәжілісінің отырысында депутаттар көп балалы аналар мен тұрмысы төмен азаматтар атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш тапсыру кезінде туатын мәселелерді шешуді сұрап, премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады.

Депутат Бейбіт Мамыраевтың сөзінше, құжат тапсыру кезінде "Е-халық" ақпарат жүйесінде ақау бары анықталған.

"Мекен-жай реестрінде отбасыны енгізу кезінде мекен-жай, үй, пәтер нөмірлері шықпайды. Бұған "Е-халық" ақпарат жүйесінің жер кадастры, жылжымайтын мүлік регистрі базаларымен ақпарат алмаспауы себеп. Сондай-ақ ақпараттық жүйе және сот актілері базасы арасында байланыс болмағандықтан баланың әкесі туралы, алиментке қатысты дерек шықпайды. 2007 жылдың 13 тамызына дейін туған балалар жайлы ақпарат та жоқ. Бұған "Е-халықтың" АХАЖ (азаматтардың хал актілерін жазу) базасымен байланыспауы себеп" деді депутат.

11 сәуірде Нұр-Сұлтанда ондаған көп балалы ана наразылық танытқан. Олар алдымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, кейін мәжіліске барды. Аналардың сөзінше, құжат қабылдайтын комиссия қосымша құжаттар мен анықтамалар талап еткен. Наразылармен кездескен Жақыпова бұл ақпаратты жоққа шығарған.​

Қарай отырыңыз: Құжат тапсыру қиындығына наразы аналар мәжіліске барды. 11 сәуір 2019 жыл.

Наразы аналар мәжіліске барды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00

12 сәуірде құжат қабылдау орнына барған вице-министр Жақыпова "қажет құжатты комиссия әділет министрлігіне сұраныс жіберіп, өзі алуы керек" деген.

Сондай-ақ 17 сәуірде өткен мәжіліс отырысында депутаттар "мемлекеттік қызмет көрсету туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин "Бұл заң жобасы халқымыз үшін өте маңызды әрі өте қажетті. [...] Мемлекеттік қызметті көрсету әрқашан да заман талабына сай жаңарып отыруы керек" деді.

Нығматулин Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "2020 жылы мемлекеттік қызметтің 90 пайызын электронды форматта көрсету" туралы айтқанын еске салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG